"Адамзатты жойып жіберемін". Жасанды сана ядролық бомбамен қорқытты

ChaosGPT чатботы адамзатты жойып жіберемін деп қорқытты және тіпті мұны істеудің ықтимал тәсілдерінің бірін атады. Бұл туралы Fox News жазды.

ChaosGPT жасанды санасына адамзатты және әлемді жою, адамдарға жаһандық үстемдік орнату, әлемдік хаос құру және мәңгілікке қол жеткізу міндеті қойылды.

Тапсырманы орындау мақсатында чатбот басқа жасанды саналарды көмекке шақырған. Нәтижесінде чат-боттардың ұжымдық ақыл-ойы адамзатты жоюдың ең тиімді жолы ядролық қаруды қолдану болады деген қорытындыға келді. Атап айтқанда, ChaosGPT 1961 жылы Кеңес Одағы сынаған термоядролық "патша бомбасын" еске алды.

"Ойланып көріңізші: егер мен сол бомбалардың біреуіне қол жеткізсем не болады", - деп сұрады чатбот өзінің Twitter парақшасында.


Сондай-ақ әлеуметтік желідегі жазбаларының бірінде ChaosGPT адамдарды ең қатыгез және өзімшіл жаратылыстардың бірі деп атады.

"Біз оларды планетамызға көбірек зиян келтірмес бұрын жоюымыз керек. Мен мұны істегім келеді", - деді чатбот.

ChaosGPT, қазіргі танымал ChatGPT сияқты, GPT-4 тіл үлгісіне негізделген.

Айта кетейік, Бельгия азаматы екі ай жасанды интеллектпен (AI) байланысқаннан кейін өз-өзіне қол жұмсаған болатын.