Павлодар облысындағы дүлей дауылдан соң, Ақсуда төтенше жағдай жарияланды. Өңірде дауыл салдарынанбір адам қаза тауып, 16 тұрғын жарақат алған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.
Күшті жел Павлодар, Ақсу, Екібастұз қалалары мен Баянауыл аудандарында ағаштарды тамырымен қопарып, шатырлардың түгін қалдырмаған.
Такиспен кетіп бара жатқан 57 жастағы жолаушы әйелдің жүрегіне желден сынған бұтақ қадалып, марқұм сол жерде көз жұмды. Оқиға 17 маусымда сағат 17:29-да тіркелген.
Төтенше жағдайлар қызметі облыс тұрғындарын ауа райы болжамын қадағалап, қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды.
Жарақат алғандардың қатарында үш бала бар. Мамандар күні кеше желдің екпіні секундына 43 метрге жеткенін айтады. Облыс орталығында 47 ғимараттың шатыры бүлінсе, Ақсу мен Екібастұзда – 23, Баянауыл ауданында – 7 нысанның төбе жабындысы зақымданған. Ақсуда мұнаралы кран тоғыз қабатты үйдің шатырына құлады. Дүлей дауылдан электр желілері үзіліп, бірнеше қала мен аудан жарықсыз қалды. Қазір өңірде 300-ден астам маман мен 100-ден аса техника апат салдарын жоюға жұмылдырылған.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
С. Бөлек