Кейінгі кездері Джипси Роуз есімді америкалық қыздың оқиғасы Желіде қызу талқыға түсіп жатыр. Massaget.kz тілшісі адам айтса сенгісіз оқиға жайлы баяндайды.
Джипси Роуздың басынан өткен оқиға - құдды бір америкалық триллердің сценарийі дерсіз. Алайда бұл шынайы өмірде болған жайт. Роуздың оқиғасы 2015 жылдары америкалық БАҚ-тарды дүр сілкіндірген болатын.
Анықтама:
Джипси Роуз - анасы азаптаған қыз
Клоддин Бланшар - қызын азаптаған әйел
Николас Годеджон - Джипс Роуздың сүйіктісі
Сау қызын ауру қылған ана
Роуздың анасы Клоддин Бланшар Луизианада, көпбалалы отбасында өмірге келген. Бланшар 24 жасында 17 жастағы жігітпен танысып, екеуі бас қосып, әйел адам жүкті болып қалған. Жігіт әлі әке болуға дайын емес екенін айтып, кетіп қалған. Кейіннен Бланшар өлтірілгеннен кейін тергеушілер ер адамнан жауап алған кезде ол қызы өмірге сау болып келгенін айтқан.
Клоддин Бланшар қызы науқас деп, түрлі аурумен ауырады деп жұртты алдаған. Оның ішінде, әйел қызы лейкемия, есту және көру қабілеті нашар деп, астмамен және басқа да аурулармен ауыратынын айтқан. Осылайша Джипси сау болса да мүгедек арбасымен жүріп, түтікше арқылы тамақтанатын күйге жеткен.
Анасы Джипсидің шашын тықырлап алып тастап, жасанды шаш тағып қоятын. Клоддин дәрігерлерді қызы ауру екенін айтып сендірген. Тіпті Джипсиге бірнеше операция да жасалған, оның ішінде, сілекей бездерін жою бойынша да ота жасалған.
Сарапшылар қыздың анасы Клоддин Бланшардың өзі Мюнхаузен синдромымен ауырғанын анықтаған. Бұл адам медициналық тексеруден, емдеуден, ауруханаға жатқызудан өту үшін аурудың белгілерін шамадан тыс бейнелейтін (имитациялайтын) немесе жасанды түрде тудыратын симуляциялық бұзылыс. Бірақ бала күнінен анасына сенім артатын қыз анасының өзінде мұндай дерт барын білмеген. Алайда бұл жағдайда әйел адам өзінен емес, қызында түрлі симптом бар деп сендіріп, дәрігерлерден түрлі ем сұраған.
Әйел адамның қызын "емдеуі" азаптау секілді болған
Клодин қызымен Спрингфилд қаласында тұрған. Көршілері мен таныстары әйел адамның "ерлігіне" тәнті болып жүрген. Себебі ол жұрттың көзінше "ауру" қызын жалғыз тәрбиелеп отырған батыр ана еді. Джипси үйден оқып жүргеніне қарамастан жылы жүзді, үнемі күліп жүретін ару еді. Алайда анасы сонда да ол ауру екенін айтып, сендіре берген.
2005 жылы Клодин мен Джипси тұрған қалада "Катрин" дауылы болып, қыздың медициналық картасы жоғалып кетеді. Бұл әйел адамның қызына тағы бірнеше ауру жазып тастауына жақсы себеп болған. Осылайша әйел адам қызының атына көршілерінен, қайырымдылық қорлардан ақшалай көмек ала бастаған. Тіпті қыздың әкесі де ай сайын 1200 доллардан жіберіп тұрған екен.
Фото: Джипси жайлы деректі фильмнен
Клодин Джипсиге жағдайы туралы дәрігерлерге де, айналасындағыларға да айтуға тыйым салған. Егер қызы айтуға тырысса үйінде ұрып-соққан. Осылайша Джипси 18 жыл бойы азапталып келген. Дені сау қыздың көзіне де операция жасалған. Тіпті асты түтікше арқылы ішетіндіктен тістерін алдырып тастаған.
Тек бір дәрігер 2007 жылы бір нәрсе дұрыс емес екенін байқаған. Дәрігер қыздың анасының "есі дұрыс емес" екенін айтып, Джипсиді толық тексеріске жіберіп, ештеңе таппаған. Алайда Клодин ол дәрігерді ауыстырып тастаған.
Джипси азаптаған анасын өлтірді
2013 жылы Джипси Николас Годеджонмен танысып, көрген қорлығы жайлы айтып берген. Джипси мен Николас екі жылдай онлайн сөйлесіп, 2015 жылы кездеседі. Осылайша олар Джипсидің анасын өлтіруді жоспарлайды.
Фото: Джипси жайлы деректі фильмнен
Клодин Спрингфилдегі пәтерінен өлі табылған. Джипси мен Николас әйел адамды пышақтап өлтірген. Артынша Джипси он жылға, сүйіктісі Николас өмір бойына бас бостандығынан айырылған.
Тергеу барысында Николас қыздың анасын Джипсидің өтініші бойынша өлтіргенін анықтаған. Ол әйел адамды 17 жерінен пышақтап, артынша екеуі әйел адамның 4 мың долларын алып, кетіп қалған. 2016 жылы 24 жастағы қыз Джипси Роуз түрмеде жазасын өтей бастаған. Ал былтыр 28 желтоқсанда бостандыққа шықты. Бүгінде ол туралы деректі фильм мен сериал түсірілген. Сонымен қатар, Америка жұртшылығы бірнеше жыл бойы азап көрген Джипси мен оның сүйіктісіне жан-жақтан қолдау білдіріп жатыр.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!