- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Адамнан көп табады....
Адамнан көп табады. Түркістандық миллионер түйенің табысы жұртты таңғалдырды
Түркістан облысында кейінгі жылдары туризм саласы қарқынды дамып жатыр. Әсіресе, қызмет көрсету саласында табыс айтарлықтай жақсы. Түркістанда қонақтарға қаланың көрікті жерлерін аралататын түйе де бір айда қыруар қаржы табады екен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Turkistan TV-ға сілтеме жасап.
Түйемен Қожа Ахмет Иасауи маңайын бір айналу құны 1000 теңге тұрады. Бір күнде түйеге ең кемі 30 турист отырады. Түйемен тасымалдау құны таксиден қымбат. Бірақ сол маңдағы бірнеше адам отыратын жан-жағы ашық шағын автобустар, яғни, электрокар мен қайықтан әлдеқайда арзан. Себебі бұл екеуі де адам басына 4 мың мен 4 мың 500 теңге арасында тұрады.
"Түйеге отырып, бір айналым жасау 1000 теңге тұрады. Бір күнде бір түйеге 30 адамға дейін отырған күндері бар. Бір айда 900 мың, миллиондай табады. Алайда мақсатымыз - ақша табудан гөрі, Түркістанға келетін туристердің көңілін көтеру. Тіпті қонақтардың қалауына қарай қаланы да аралата аламыз", - дейді бүгінде төрт бірдей түйені баптап отырған Қайрат Жолымбет.
Оның айтуынша, бұл қызметке көбіне шетелдіктер жүгінеді екен.
"Олардың эмоциясы да ерекше, кәдімгі үп-үлкен азаматтар жас балаша шаттанады", - дейді ол.
Түйелер тек кесене маңайында серуендеп қоймай, сүндет тойларға тапсырыс та алатын көрінеді. Тамыз бен қыркүйек айларында тапсырыстың көптігі сонша - шоу-бизнес өкілдері секілді бір күнде бірнеше тойға кірген күндері болады екен.
Кесене маңайында туристерге қызмет көрсетіп жүрген түйелердің жасы 9-да. Қазақ мұндайды "атан түйе" деп атаған. Соның ішінде дәл осылай жұмысқа әбден жегілген түйлерді "ығыр атан" деген.
"Жемшөбі мен күтіміне жақсы көңіл бөлеміз, арнайы екпе салдырып, дәрумендер де беріп тұрамыз", - деп түйіндеді түйенің иесі әңгімесін.
Мерей Матай
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова