Адамға шынымен жын кіруі мүмкін бе?

Адамға жын кіруі мүмкін бе? Әлде жын кірді деп жүргеніміз психологиялық ауытқу ма? Massaget.kz тілшісі мамандардан сұрап білді.

"Құранда арнайы сүре бар"

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Медет Құрмашұлының айтуынша, Құранда "Жын" деген арнайы сүре бар. 

"Бірнеше сүреде жындар жайында айтылған. Жындар да - адам секілді жаратылыс. Жалпы, жынның адамға кіруі-кірмеуі - ғалымдардың арасында тартысты мәселе. Ғалымдардың кейбірі жын адамның ішіне кіреді десе, кейбір ғалым ішіне кірмейді, алайда сыртынан әсер етеді деген. Жынның адамға тиетін жолы көп", - дейді ол. 


Фото: islamnews

Маманның сөзінше, оның арнайы белгілері де жоқ. Әрқилы және әртүрлі себептер болуы мүмкін. Мысалы, есік алдына кірдің суын төгу, далада түнеп қалу, күл-қоқысты басу, малдың сүйегін тебу, күнә істеу және сиқырлану сияқты себептермен жын тиюі мүмкін.

Орынсыз күлу немесе жылау, Құран оқығанда іштей қарсылық сезіну, ақыл-ой кемтарлығы, бұлшық ет құрысуы, ұйқысыздық, лас жерде жүру сынды әрекеттер жын кірген адамның басты белгілері болып саналады.

"Жыннан сақтану жолдары, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үйреткен таңғы және кешкі зікірлерді, дұғаларды оқып жүруі керек. Сондай-ақ, "Фатиха", "Ықылас", "Фалақ", "Нас" сүрелері мен Аятул Курсиді оқып, өзіне дем салып жүру керек", - дейді басқарма өкілі.

"Ғылымда теория әртүрлі"

Ал психоанализ бағытында жұмыс істейтін психотерапевт Камила Мергенбаеваның айтуынша, психоанализ негізін қалаушылардың жын кіру деген тақырып бойынша теориялары, тұжырымдары бір-біріне сай келе бермейді. Мысалы, жын кіруді бірі - психоз, паранойя, кейбірі шизофрения, бірі невроз дейді екен.

"Психоанализдің атасы Зигмунд Фрейд жын кіру, шизофрения және тағы басқа ауытқуы бар адамдарды психоанализбен немесе психологиямен емдеудің мүмкіндігі жоқ деп айтқан. Егер бізге келген клиенттен жын кіру секілді ауытқуды байқасақ, міндетті түрде психиатрға жібереміз. Психиатрдың қабылдауында болып, кейін дәрілердің және психоанализдің көмегімен осындай ауытқуы бар адамдарды бір қалыпта ұстап тұра аламыз", - дейді ол.


Фото: Pixabay.com

Негізі, мұндай ауытқудың шығу тарихына келер болсақ, маманның айтуынша, психоанализде барлық жағдай балалық шақтан басталады деп айтылады.

"Проблеманың түп тамыры содан. Мысал келтірсем, ойдан шығарылған дос, тұлғаның екіге бөлінуі - баланың өз әлемі болуынан. Ол әлемде өз заңдылықтары болады. Соны отбасыдағы үлкендер қабылдамай қойғанда, бала үлкендердің тәртіптерін қабылдамай қойғанда басталады. Ал қиялындағы досы баланың заңдылықтарын қабылдайды, сонымен ойнай бастайды. Жұрт оны жын деп айтып жатады", - дейді Камила Мергенбаева.

Маман Зигмунд Фрейдтің шәкірті француз психоаналитигі Жак Лаканның сөзін келтірді. Лакан кез келген қалыпты адамның бойында шизофрения да, басқа ауытқулардың да бөлшектері болатынын айтқан. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!