- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Адамға жын кіргенін...
Адамға жын кіргенін қалай білуге болады? Наиб имаммен сұхбат
Жын кіру, көз тию, сиқыр - бәрі де адам бойында кездесетін тылсым дүниелер. Кейде адам осының салдарынан ауру немесе сал болуы, тіпті өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін. Жалпы адам өзіне жын тигенін қалай біледі, белгілері қандай деген сұрақтарға Massaget.kz тілшісі жауап іздеп, Алматы орталық мешітінің наиб имамы, РАНТ мүшесі Қуаныш Абишевпен сұхбаттасты.
Жын мен шайтанның айырмашылығы неде?
Оның айтуынша, адамдармен қатар параллель әлемде жындар өмір сүреді.
" Жын - адамнан бөлек өмір сүретін топтың аты. Бұл бір бөлек өркениет. Ғалымдар бұрынғы заманда жындар адам өміріне қазіргідей араласып кетпегенін айтады. Алайда адамдар бір-біріне дуа жасап, көре алмаушылық себепті жынды өміріне араластыра берген. Негізі өзімізді керемет адам сезінеміз, "эгомыз" өсіп кеткен. Ал негізінде біздің қателігіміз көп. Басына жамандық келген адам "Алланың қалауы неге маған түсті" деп ойлану керек. Одан кейін бірден өзімен жұмыс істеуді бастағаны жөн. Жалпы жын адам өміріне араласа бастаса, демек адамдар қазір материалдық дүниеге назар аударған, ниеттері солай ауып кеткенінен болып отыр. Қазір қарасаңыз, бір туған бауырлар әкеден қалған мирасты алу үшін бір-біріне дуа жасатады, өлімге қияды. Халықта сондай материалдық дүниелер рухани дүниеден көбейіп кетті. Адамзат өзі Аллаға жақын болса, жын-шайтан одан қорқады", - деді ол.
Наиб имам көпшіліктің "дем салдырсам, бәрі жақсы болады" деген ойы әрбір адамның ішкі жан-дүниесіне байланысты болатынын айтты.
"Бірақ бұл эффекттің маңыздылығы шамамен 40 не 60 пайыз болады. Бұл адамның өз әрекетіне, ішкі жан-дүниесіне байланысты болады. Жалпы адамды негізі көрінбейтін шеңбер қоршап тұрады. Яғни, амалдары парыз намаздар, уәжіп, сүннет. Осындай діни әрі рухани шеңбері қалыптасқан адамға ешкім тиісе алмайды. Адам осы шеңбердің ішінде болу керек. Шеңбері жоқ адамға көптеген қиындықтар болып тұрады. Бізде жын матери емес, қолға ұсталмайды, көзге көрінбейді. Сол себепті жын тиген адамдар Құранмен дем салдырған кезде қиналады. Жын - адамзат секілді қауымның аты. Жынның жақсысы да, жаманы да болады. Жамандыққа бой алдырып, шектен шыққандарын "шайтан" деп атаймыз. Шайтанның жақсысы болмайды. Сол себепті Алла Тағала Құранда "Әнғам" сүресінде "Біз әрбір пайғамбарға адамдар мен жындардан болған шайтанды жау еттік" дейді", - деді ол.
Жын тюдің белгісі қандай?
Оның айтуынша, жалпы сиқырлану және жын тиюдің айырмашылығы бар.
"Адамға көз тиеді, кейде сиқырланады. Тіпті, қарапайым, кішігірім рухани аурулармен сырқаттанады. Оларға имам 1-2 рет дем салса, адам өзін жақсы сезінеді. Ал сиқырланған кісі қоғамнан бөлінеді, өзін бөлектеу ұстайды. Көпшілік ортаға қосылғысы келмейді. Негізі адамды сиқырлаған кезде шайтанды белгілі бір мақсатпен жібереді. Яғни, шайтан адамға белгілі бір қастандық жасау міндетін атқару үшін белсенді жұмыс істейді. Мәселен, оның миссиясы бір кісіні жұмыссыздыққа апарып, кедейлікке әкелу деп алайық. Адам қарапайым үйде жүргенде әлгі кісіге еш зиян болмайды. Ал жұмысқа шығар уақытында әлсіреп қала береді. Өйткені сиқыр сол кезде басталады да, шайтан міндетіне сол уақытта кіріседі. Кейде сиқыр біреуді өлтіру үшін жасалады. Шайтан оны өлтірмей тынышталмайды. Бірақ адамның жанын берген Алла, жанын алатын да Алла ғой. Адам белгілі бір деңгейде әлсіреуі мүмкін, бірақ өледі деген сөз емес. Себебі сиқырдың миссиясы орындала ма, жоқ па - бұл адамның өзіне байланысты. Тағы бір адамдар болады, сиқырланбаған, бірақ кез келген уақытта өзімен өзі әлек болып қала береді. Кез келген жын тиген адам көп жерде өзін бөлектеу ұстайды. Себебі оған белгілі бір миссиямен тимеген. Жындар көп жыл өмір сүретіндіктен, кейде адамның атасы не әжесі үшін оған өшігуі мүмкін. Жалпы жын тиген адамды дем салаты маман өзі диагнозын анықтайды. Аят оқиды, солай диагнозын қойып, соған сай ем ұсынады. Бірақ ем ұсынатын кезде оның жақсы әер етуі адамның өзіне байланысты болады. "Тек сол кісі мені құтқарады" деп соған табынып кетуге болмайды", - деді ол.
Сиқырланған кісіде қандай белгілер байқалатынын маман атап өтті.
"Біріншіден, көп бас ауырады, әлсіздік болады. Екіншіден, сиқырланған кісі түсінде қап-қара қабаған иттен қашып келе жатқан, жыланға оралған, шұңқырдың ішінен шыға алмай қалған секілді түстер көреді. Бұл - түсінде көріп жатқаны өзі деп айтар едім. Бірақ бірден бас ауырса, "менде сиқыр" деп баға беруге болмайды. Алдымен медициналық жағынан тексерілу керек. Дәрігерлер де науқасқа "қазақша ем керек" деп айтады",- деді ол.
Дем салатын кісіні қалай таңдау керек?
Наиб имамның айтуынша, бұл саланың маманын тану үшін мешіттен сұрау керек.
"Дем салу, жын шығару - өте жауапты іс. Кезінде аталарымыз бұған қызықпаған. Кейбір кісілер адамдарға көмектесу мақсатында амалының жоқтығынан істеген. Материалдық жағын ойлаған көпшілік "дем салғым келеді" деп сұранып жүреді. Оның қажеті жоқ. Себебі - бұл рухани нәрсе. Материалдық жағын ойлаған адам ұтылып қалады", - деді ол.
Ол бұрын адамдарға дем салумен айналысқанын айтты.
"Қазіргі уақытта Орталық мешітте жұмыс көп, оған мүмкіндік те жоқ. Өйткені бір адам жарты сағат немесе 40 минут уақыт алады. Ол кейде бір апта немесе 40 күн келуі мүмкін. Мешітке келген жандарды арнайы осы саланың мамандарына жібереміз. Кез келген салада маманды нағыз кәсіби адамдардан сұрау керек. Сол үшін мешіттерден сұраған жөн. Бізде бәрі халықтан сұрап алады да, дұрыс маман жолықпаса, мешітті кіналайды. Дем салатын маманға барған кезде "Құраннан хабарыңыз бар ма", "арабша білесіз бе" деп сұрау керек. Дінді практикада ұстанатын адам болғанына маңыздылық берген жөн. Өйткені практикада дінді ұстанбаған кісі өзі де әлсіз болады. Сондай-ақ, барша дем салатын кісілерге ешқашан белгілі бір ақыны талап етпеуді сұраймын. Мұның артында ислам дінінің мәртебесі тұр. Құранмен дем салатын болғасын, ислам дінінің абыройын жоғары қойған дұрыс. Ал халық шын жүрекпен алғысын айтып, қолындағысын берсе, соны қанаған тұтқан дұрыс", - деді ол.", - деді наиб имам.
Әлеуметтік желіге сурет салса, жын кіруі мүмкін бе?
Кез келген суицидке барған адамның белгілі бір деңгейде сиқырланумен байланысы себеп болуы мүмкін.
"Суицидке бару адамның шығар жолды осы деп көруі ғой. Қабірді көп адам тыныш ұйықтайтын жер көреді. Олай емес. Жер бетінде жақсы өмір сүргендер үшін қабір сондай жер болуы мүмкін. Біреудің ақысына кірсең, қалай қабірде тыныш жатасың? Адамдар осы нәрсеге мән бермейді. Біз мұның барлығын жын-шайтанға жаба алмаймыз. Өйткені кейбір нәрселер адамның өзінің жасаған күнә-қателігінен болуы мүмкін. Әлеуметтік желіге сурет салу көз тию секілді белгілі бір деңгейде суицидке итермелеуге қатысуы болуы мүмкін. Жалпы сиқыршы шайтанды жіберген кезде сол адам туралы дайын информацияны айтуы мүмкін. Ол оған белгілі бір деңгейде әсерін береді. Дегенмен рухани мықты адам суретін салса да ештеңе болмайды. Әлеуметтік желідегі адамның суреті белгілі бір жаман нәрселерге әсерін тигізсе демек, адам рухани әлсіз деген сөз",- деді ол.
Наиб имам өзіне дем салдыруға келген адамдардың оқиғасын да бөлісті.
"Бізде қыз баланың үйіне ұры түскен. Ұры түскеннен жаңағы қыз қатты қорқып қалған. Ұрылар үйін тонап кеткен. Бірақ әкесі тонаған затқа емес, қызының ауырғанына қатты қиналды. Қызын көп рет оқытты, дем салдырды. Солай өз-өзіне келді. Адам қатты қорыққанда және қатты қуанғанда Алланы еске алу керек. Осы екі уақыт - ең қауіпті сәт. Сол уақытта адам рухани әлсіз болады да, шайтан оған әсерін тигізу мүмкін. Бізде көбінесе сиқыр ерлі-зайыптыларды ажырастыру үшін жасалады. Үйде ұрыс-керіс көбейіп, береке кетіп жатса ерлі-зайыпты дем салдырған дұрыс. Ондай біздің тәжірибемізде көп кездеседі. Дем салдырып, әрі қарай жақсы болып кеткендер көп. Олардың жақсарып кетуі әртүрлі, адамның рухани күйіне байланысты", - деді ол.
Жын тиген адам қауіпті ме?
Маман сиқырланған және жын тиген адам қоғам үшін белгілі бір деңгейде қауіпті екенін түсіндірді.
"Сиқырланғанда, жын тигенде адамның дене мүшесі тікелей зақымданбайды. Бірақ шайтан соған апарады. Жын көзге көрінбейтін болғандықтан, адамның өз-өзін тепкізіп, ұрғызады. Солай өз-өзімен әлек қылады да, тікелей әсер етпейді. Жын тиген адамның қоғам үшін белгілі бір деңгейде қаупі бар деп айтар едім. Ондай аддам өз-өзін басқара алмайды. Өз-өзін басқара алмай жүрген кісіге қоғамда кез келген бір істі сеніп тапсыру қиын. Сол үшін қоғамнан шеттетіліп қалу қауіпі бар. Осы жағынан қауіпті дер едім",- деді ол.
Сондай-ақ, ол мұндай тылсым дүниелерден аулақ болу үшін адамдарға сақтану шараларын атап өтті.
"Көз тию мен жын кірудің белгілері қатар болады. Бірақ дем салатын маман екеуіне екі түрлі аят оқиды. Негізі сиқыр әртүрлі мақсатта жасалатындықтан, күрделірек деп айтар едім. Оның артында тұратын адамдар болады. солар мазалайды. Сиқыр да, көз тию де тек шайтанмен байланысты. Мұсылман емес кісілер мұндай дертке "шизофрения" деп термин берген. Бірақ исламның эффектісінде бұл дертті осылай емдеуге болады.
Көз тию, сиқыр, жын кіруден сақтану үшін біріншіден, кез келген адам ғұсыл алып, дәретпен жүріп, денесін, жан-дүниесін таза ұстағаны жөн. Себебі адамның рухани тазалығын жын-шайтан көреді. Екіншіден, жалпы адамның да, Алланың да заңдарына мән беру керек. Адам басқаларға құрмет көрсеткені жөн. Біз адамдарға қиянат жасасақ, оның кері әсері тиеді", - деді ол.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
А. Жайыққызы