- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Психиатриялық стационар
Адамды психиатриялық стационарға оның келісімінсіз жатқызуға бола ма?
Кейде азаматтың медициналық жағдайы ауруханада ем алуды қажет етеді. Бұған қарамастан психикалық аурудан зардап шегетін адам арнайы ұйымға жатудан бас тартуы мүмкін. Мұндай кезде оны мәжбүрлі тәртіппен жатқызу керек болады. Ал елімізде адамды психиатриялық стационарға оның келісімінсіз орналастыруға бола ма?
Massaget.kz тілшісі анықтады.
Психиатриялық стационарға жатқызуға не негіз бола алады?
ҚР Психиатриялық көмек және оны көрсету кезіндегі азаматтардың құқықтарының кепілдіктері туралы заңының 28-бабына сәйкес психиатриялық стационарға жатқызуға негіз бола алатын 7 жағдай бар.
- Адамның психикасы бұзылғаны және психиатр-дәрігердің стационар жағдайында тексеру немесе емдеу жүргізу қажеттілігі туралы шешімі не соттың ұйғарымы болуы;
- ҚР заңнамасында белгіленген тәртіппен сот-психиатриялық сараптаманың қажеттілігінің болуы;
- Осы заңның 29-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, адамның өзінің өтініші бойынша немесе оның жазбаша келісімімен ерікті түрде жүзеге асырылады;
- Кәмелетке толмаған бала оның ата-анасының немесе өзге де заңды өкілінің жазбаша келісімінің болуы;
- Заңда белгіленген тәртіппен әрекетке қабілетсіз деп танылған адам өзінің заңды өкілінің өтініші бойынша немесе жазбаша келісімімен психиатриялық стационарға жатқызылады;
- Кәмелетке толмаған баланың өзге де заңды өкілі қарсылық білдірген немесе болмаған жағдайда ол қорғаншы және қамқоршы органның шешімі бойынша жатқызылады, ол жөнінде сотқа шағым жасалуы мүмкін;
- Адамның ауруханаға жатқызуға алған келісімі адамның немесе оның заңды өкілінің және психиатр-дәрігердің қолы қойылған медициналық құжаттамадағы жазбамен рәсімделеді.
Азаматтың келісімінсіз оны психиатриялық стационарға жатқызу мүмкін бе?
Иә, мүмкін. Бұл осы заңның 29-бабында көзделген. Тек азаматты мәжбүрлеп психиатриялық стационарға жатқызу үшін бірнеше негіз қажет.
- Егер азамат өзіне немесе айналасындағыларға тікелей қауіпті болса;
- ол дәрменсіз болса, яғни оған тиісті күтім көрсетілмесе және өмірдің негізгі қажеттіліктерін өз бетінше қанағаттандыра алмаса;
- егер адам психиатриялық көмексіз қалса.
Азаматтың психикалық жағдайының нашарлауы салдарынан оның денсаулығына айтарлықтай зиян келеді.
Бұл бап бойынша прокуратура органдарының қызметкерлері азаматты оның және заңды өкілінің келісімінсіз психикалық бұзылулары бар адамдарды тексеру және мәжбүрлеп емдеуге жатқыза алады.
Осы заңның 30-бабына сәйкес психиатр-дәрігерлердің комиссиясы мәжбүрлі түрде емдеуге жатқызылған адамды ауруханаға жатқызудың негізділігін 48 сағат ішінде міндетті куәландыруға тиіс. Ауруханаға жатқызу негізсіз деп танылған жағдайда, ол дереу шығарылады.
Азаматты оның келісімінсіз психиатриялық стационарға жатқызу үшін не істеу керек?
Азаматты психиатриялық стационарға жатқызу үшін оның туыстары немесе заңды өкілі өтініш жазады.
- Өтінішпен қоса, дәрігерлік комиссияның психиатр-дәрігерінің қорытындысы қажет;
- кәмелетке толмаған адам үшін - психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның қорытындысы;
- заңда белгіленген тәртіппен әрекетке қабілетсіз деп танылған адам үшін - қорғаншылық және қамқоршылық органының психиатр-дәрігердің қатысуымен қабылданған шешімі қажет.
Егер дәрігерлік комиссияның қорытындысымен келіспеген жағдайда психиатриялық стационарға мәжбүрлі түрде жатқызылған адам немесе оның заңды өкілі сотқа арызбен жүгіне алады.
Психиатр-дәрігерлер комиссиясы немесе психиатриялық стационар әкімшілігі кәмелетке толмағанды не заңда белгіленген тәртіппен әрекетке қабілетсіз деп танылған адамды ауруханаға жатқызу кезінде қызметін теріс пайдаланғаны анықталған жағдайда психиатриялық стационардың әкімшілігі бұл туралы қамқорлыққа алынушының тұрғылықты жері бойынша қорғаншы және қамқоршы органға хабарлайды.
Ал қызметін теріс пайдаланған қызметкерге қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Б. Жұмаділлә