- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Адамдарға қару берген"....
"Адамдарға қару берген". Қаңтарда Шымкентте тәртіпсіздік ұйымдастырғандарға сот үкімі шықты
Шымкентте жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырғандарға қатысты сот үкімі шықты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Басылым мәліметінше, 2022 жылғы 6 қаңтарға қараған түні Шымкент қаласы әкімшілік ғимаратының алдында жаппай тәртіпсіздік болған. Назарбаев даңғылының бойында "Рупор" дыбыс үлкейткіш құралын пайдалану арқылы ұйымдастырушылар адамдарды шақырып, саяси дүрбелең туғызған.
"Қалада бүлікшілердің іс-әрекетінен орын алған қаңтар дүрбелеңінде Шымкент қаласы Полиция департаменті қызметкерлері қауіп-қатермен бетпе-бет келіп, тәулік бойы халыққа қызмет етті. Аталмыш тәртіпсіздікті ұйымдастырушыларға Шымкент қаласы Полиция департаментінің тәртіп сақшыларымен жедел-іздестіру іс-шаралары ұйымдастырылды. Қаладағы көшелер мен ғимараттардағы барлық бейнекамералар қаралып, полиция қызметкерлерінің шұғыл әрекет етуінің, тәулік бойы іздеу жұмыстарын жүргізуінің нәтижесінде, күдіктілер қолға түсті. Оларға қатысты тергеп-тексеру амалдары жүргізілді", - делінген хабарламада.
Тексеру барысында олардың бір-бірімен Полиция басқармаларының ғимараттарын өртеу, басып алу, жаппай тәртіпсіздікке қатысушыларды шабыттандыру, адамдарға қару беріп, қаржыландыру, арнайы техникалардың жүруіне кедергі жасау үшін жүк көліктерімен ірі және майда тастарды төгу туралы ұялы байланыс арқылы сөйлескендіктері анықталған.
Сондай-ақ, олар 2021 жылы Қылмыстық кодекстің 405-бабында (Қоғамдық немесе дiни бiрлестiктiң не өзге де ұйымның экстремизмдi немесе терроризмді жүзеге асыруына байланысты олардың қызметiне соттың тыйым салу немесе тарату туралы шешiмiнен кейiн олардың қызметiн ұйымдастыру және оған қатысу) қарастырылған қылмыстарды жасағаны, пробациялық бақылаудың есебінде тұрғаны, алдын жасаған қылмыстарынан нәтиже шығармағандары белгілі болды. Күдіктілерге қатысты Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық соты биыл 15 шілдеде үкіммен Қылмыстық кодекстің 272-бабының 2,3-бөліктерімен кінәлі деп танып, 3 адамға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
С. Сатыбалдина