Ақтауда шаяндар жаппай қырылып жатқаны туралы ақпарат тарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі lada.kz-ке сілтеме жасап.
Жергілікті блогер Азамат Сәрсенбаев 4А-шағынауданындағы жағалауда шаяндар неге қырылып жатқанын айтты. Оның сөзінше, бұған адамның ашкөздігі себеп болып отыр.
Блогердің пікірінше, шаяндар балықшының кесірінен қырылып жатыр.
"Ақтау қаласының жағажайларының бірінің жағасында шаяндардың жаппай қырылуына күдікті кінәлі табылды. Жергілікті балықшы теңізге әр шыққан сайын ашкөздіктен 300-400 келі шаян, т.б. аулайды, жартысын сатады да, қалғанын, яғни өлген шаяндарды қайтадан теңізге лақтырады. Ақпарат берушінің айтуынша, бастапқыда ол каналға тастап жүрген, бірақ бұқаралық ақпарат құралдарындағы даудан кейін тоқтатқан, енді басын ауыртпай шаяндарды пирстің астына тастай бастады", - деді блогер.
Қоғам белсендісі балықшыларды бақылау керек екенін, теңіз фаунасын ойланбастан әрі көп мөлшерде аулауға тыйым салу керек екенін жеткізді.
Айта кетейік, бұған дейін жағалаудан 500 метр қашықта, 4А-шағынауданда өлген шаяндар жиналып қалғаны анықталды. Экологтар түрлі болжам жасады, тіпті моторлы қайықтардың дыбысынан қорыққан деген нұсқаны алға тартты. Тағы бір нұсқа зиян заттардың теңізге лақтырылуы болды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!