Шымкентте екі автобус соқтығысып, оннан астам адам жарақат алды. Жол апатына қоғамдық көліктердің жарысуы себеп болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
"146-да отырған едім, бағдаршамда бұрылып тоқтады, адам түсірді. Бір адам шықты, екіншісі үлгермеді. Арт жақтан автобус келіп соқты. Екеуі жарысқан дей ме, білмеймін ғой. Апаттан көзім қарауытып кетті. Қатты соғылдым, жанымда адамдар ұшып жатты ғой, құлап жатты", - дейді зардап шеккен жолаушы әйел.
Оқиға қаланың әкімшілік іскерлік орталығында болды. Сағат 11:00 шамасында қос автобустың ішінде жолаушы көп болмаған. Адамдарды түсіріп тұрған көліктің артына соғылған автобус жүргізушісі қазір тергеліп жатыр.
Жарақат алғандардың тоғызы жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізілген. Жеңіл жарақат алған жетеуі ем-домнан соң үйіне жіберілсе, екі науқас нейрохирургия бөліміне жатқызылды. Оның біреуі – 31 жастағы аяғы ауыр келіншек.
"Мамандар тексеріп қарады, гинеколог, уролог бәрі алгоритм бойынша тексеріп жатқызды. Қазір жағдайы орташа ауыр. Қауіп жоқ", - дейді Шымкенттегі №1 клиникалық ауруханасының хирургы Мадияр Дүйсенов.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!