Адамдар қысылып, дем жетпей жатады. Жаппай шарада аман қалу жолдары қандай?

Адамдар қысылып, дем жетпей жатады. Жаппай шарада аман қалу жолдары қандай?
Фото: Emilio Morenatti/AP

Кез келген бұқаралық, адам көп жиналатын іс-шараның қаупі жоғары. Адамдар қысылып, дем жетпей жатады. Мұндай жағдайда әркім өзінің денсаулығы мен амандығы үшін қауіпсіздік ережелерін есте ұстаған жөн. Massaget.kz тілшісі жаппай шаралардағы қауіпсіздік ережелерін ұсынады. 

Әдетте адам көп жиналатын жерде мынадай жағдайлар болуы мүмкін: 
- адамдар қысылып, қаза табуы мүмкін;
- іс-шараға қатысушылар (футбол жанкүйерлері, бұзақылар, митингіге қатысушылар) арасында жанжал шығуы; 
- құқық қорғау органдары қызметкерлер мен қарапайым адамдар соқтығысуы мүмкін (наразылық акциялары). 

Егер мұндай жағдайлардың біріне тап болсаңыз, дүрлікпей, терең дем алып, мына сақтық шараларын еске алуға тырысыңыз. 

Қандай жағдай болмасын, кез келген шараға барарда отбасыңыз бен достарыңызға қайда бара жатқаныңызды ескертіңіз. Әрқашан өзіңізбен бірге құжат пен ұялы телефоныңызды алып жүріңіз. Паспортты жоғалтып алмайтындай, дұрыстап салып қойыңыз. 

  • Ешқашан жаппай шараларға қаруға ұқсас зат алмаңыз.
  • Құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің әрекетіне араласуға тырыспаңыз. Олармен дауласпай, керісінше барлық талабын орындаңыз.
  • Митингіге барсаңыз, басқалардың мінез-құлқын бақылаңыз, агрессив адамдардан сақ болыңыз.
  • Адам көп жиналған іс-шараның аяқталуына шамамен 15 минут қалғанда көпшіліктің бір жақ шетіне өтіңіз.
  • Заңсыз әрекеттерге бой алдырмаңыз.

Эвакуация туралы ақпарат алған кезде ішкі істер органдары қызметкерлерінің немесе заң мен тәртіпті қамтамасыз етуге жауапты тұлғалардың нұсқауларына сәйкес әрекет етіңіз, тыныштық сақтап, дүрбелең тудырмаңыз.

REUTERS

Кез келген болып жатқан оқиға қаншалық қызық көрінсе де, балаңыз болса, көпшілікке қосылмаңыз.

  • Егер сіз топ ішінде қалсаңыз, одан бірден шығуға тырыспаңыз, одан да асықпай шетке ығысыңыз.
  • Жаныңызда балаңыз болса, оны көтеріп алыңыз не мойныңызға отырғызыңыз. 
  • Терең дем алып, кеудеңіз қысылып қалмас үшін екі қолыңызды бүгіп, бүйіріңізде ұстаңыз. 
  • Ұзын бойлы және алып адамдардан, үлкен заты не сөмкесі бар адамдардан аулақ болуға тырысыңыз.
  • Қолдарыңызды қалтаңызға салмаңыз.
  • Аяғыңызды мүмкіндігінше жоғары көтеріп, қадамыңызды нық басуға тырысыңыз. Аяқтың ұшымен жүрмеңіз.
  • Егер қысып-жаншу қаупі төнсе, дереу, еш ойланбастан, кез келген ауыртпалықтан, әсіресе ұзын белбеу, шарф пен сөмкеден құтылыңыз.
  • Егер бір нәрсеңіз түсіп кетсе, оны алмаңыз, тіпті еңкеймеңіз.
  • Егер құлап қалсаңыз, мүмкіндігінше тезірек тұруға тырысыңыз. Құласаңыз, қолыңызды жерге тигізбеуге тырысыңыз. Әйтпесе, қолыңыз тапталып, сынып кетуі мүмкін. 
  • Егер тұра алмасаңыз, доп секілді бүгіліп жатыңыз, бетіңізді шынтақпен, бастың артқы жағын алақаныңызбен жабыңыз.
  • Адам көп жиналатын жерге кірсеңіз, төтенше жағдай кезінде қандай орын қауіпті екенін алдын ала анықтаңыз (стадиондағы секторлар арасындағы өткелдер, концерт залдарындағы есіктер мен қалқалар), апат жағдайында алдымен қай жерден шығуға болатынын ескеріңіз.
  • Әдетте кез келген залдың бұрыштарында немесе қабырғалардың жанында қыспаққа ұшырамауға болады, бірақ ол жерден тысқа шығу қиын.
  • Дүрбелең туындаған кезде сабыр сақтауға тырысыңыз. Терең дем алыңыз.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек