Алаяқтықтың түр-түрі болады. Оның ішінде бүгінде онлайн-алаяқтық өршіп тұр. "Касперский Зертханасының" Қазақстан, Орталық Азия және Моңғолиядағы басқарушы директоры Валерий Зубанов Massaget.kz тілшісіне адамдардың алаяқтарға алдануы, алаяқтар қолданатын тәсілдер туралы айтып берді.
Валерий Зубановтың сөзінше, онлайн-алаяқтық расында көбейіп келе жатыр.
"Алаяқтардың арбауына балалар жиі түсіп жатады. Себебі олар сенгіш келеді. Біз жүргізген сауалнамаға сәйкес, балалар алаяқтарға алданып, фишинг сайттарына тап болғандықтан әрбір онынша ата-ана ақшасынан айырылған", - дейді Валерий Зубанов.
Сонымен қатар, Зубанов интернет-алаяқтар қандай айла-тәсілдер қолданатынын түсіндіріп берді.
"Алаяқтар әлеуметтік инженерия тәсілін көп қолданады. Мысалы құрбан тез шешім қабылдауы үшін асықтырып жіберуі мүмкін. Олар құрбанның әлсіз жерін пайдаланып, қорқытып, қоқан-лоқы көрсетіп, эмоционалды реакциясын тудырады", - дейді ол.
Адамдар не үшін алаяқтарға алданып қала береді?
"Алаяқтар технологиялар дамыған сайын "өнертапқыш" болып кеткен. Олар адамдардың ойына кіріп-шықпайтын алдаудың жаңа жүйесін ойлап тауып жатады. Кейбір жағдайларда алаяқтардың ресурсы да сапалы болып кеткен: олар ойлап табатын аңыз немесе дизайн және тағы басқасы", - дейді Валерий Зубанов.
Сонымен қатар, зертхана басшысы алаяқтар кейінгі кезде көп қолданып жүрген RustDesk қосымшасы туралы түсіндіріп берді.
"Адамдар туралы мәліметті жинап алу үшін қажет алыстан басқарылатын заңды бағдарламаларды қолданып алдау - бұрыннан келе жатқан тәсіл. Алаяқтар адамдарға әсер ететін түрлі оқиға ойлап тауып жатады. Құрбанға белгілі бір қосымшаны жүктеп алдырып, сол арқылы адамның түрлі сервистегі мәліметтерін ұрлап алады. Сондықтан сақ болып, телефон арқылы не онлайн алатын әр ақпаратты тексеріп алу керек" - деп түсіндірді зертхана басшысы.
Алаяқтарға алданып қалмаудың жолы қандай?
Валерий Зубанов интернет-алаяқтарға алданып қалмаудың бірнеше жолын айтты.
"Күмәнді хабарламалардан сілтемелерге өтпеңіз және күдікті хаттарды ашпаңыз, орнатылған бағдарламалар мен оперативті жүйені үнемі жаңартып отырыңыз. Барлық құрылғыда қорғаныс орнатып қойыңыз. Мүмкін болса екі факторлы аутентификацияны орнатыңыз", - деп түсіндірді Зубанов.
Еске салайық, бұған дейін туризмдегі алаяқтық туралы айтқан болатынбыз.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!