"Адамдар гуманитарлық көмекке зәру". Украинадағы жағдайға шолу

Украинада жағдай әлі де шиеленісіп тұр. Еуропа елдері Ресей халықаралық жағдайға қауіп төндіретінін айтады. Сондай-ақ, Ұлыбритания, Швеция секілді елдер Украинаға әлі де гуманитарлық, әскери көмек жіберуді жалғастырып жатыр. Massaget.kz тілшісі Украинадағы кейінгі жағдайларға шолу жасап көрді.

Әлемдік көшбасшылар Ресей туралы не дейді?

Ресей қайтадан Еуропаға қауіп төндіреді - Германия канцлері 

Германия канцлері Олаф Шольц Германия Ресейдің халықаралық жағдайға төндіретін қауіп-қатеріне байланысты өзінің әскери әлеуетін мүмкіндігінше кеңейту үшін жұмыс істеп жатқанын айтты.

Олаф Шольц 

"Ресей өзінің басқыншылық саясатымен Еуропа мен одаққа тағы да қауіп төндіреді. Германия үшін бұл құрлықтағы, теңіздегі және ауадағы күшімізді одан әрі нығайта түсетінімізді білдіреді", - деді Шольц.

НАТО: Ресей - тікелей қауіп

НАТО басшылары жаңа стратегиялық тұжырымдамаға қол қойды, онда Ресей "одақтастардың қауіпсіздігі мен тұрақтылығына ең маңызды және тікелей қауіп" деп көрсетілген. Бұл Ресейдің Украинаға шабуылынан кейін одақтың Мәскеумен қарым-қатынасы нашарлағанын көрсетеді.

Мадридтегі саммитте әскери одақ Ресейді "мәжбүрлеу, диверсия, агрессия және аннексия арқылы ықпал ету және тікелей бақылау орнатуға" ұмтылды деп айыптады.

Әскердің, қалалардың жағдайы қандай?

Лисичанск қаласы өте қиын жағдайда - губернатор

Луганск облысының губернаторы Сергей Гайдай Ресейдің шабуылына ұшыраған Лисичанск қаласы өте қиын жағдайда екенін айтты. Ол атыс салдарынан қаладағы 15000-ға жуық азаматты эвакуациялау мүмкін емесін мәлімдеді.

©REUTERS

Соғысқа қатыса алмайтындар қайтарылып жатыр

Мемлекеттік думаның төрағасы Вячеслав Володиннің айтуынша, Ресей басып алғанға дейін Азов батальонында қызмет еткен Украина әскерилері сот алдында барады. Ол Украинамен соғыс тұтқындарын айырбастау жүріп жатқанын растап, екі тарап ауыр жараланғандар мен соғысқа қатыса алмайтындарды қайтарып жатқанын атап өтті.

Украинада 16 миллион адам гуманитарлық көмекке мұқтаж - БҰҰ

БҰҰ-ның Украинадағы үйлестіруші кеңсесінің басшысы Оснат Лубрани Украинада 16 миллионға жуық адам гуманитарлық көмекке мұқтаж екенін айтты. Олар су, азық-түлік, медициналық қызметке зәру. Оның айтуынша, Киев бақыламайтын аумақтарда гуманитарлық топтармен байланысу өте қиын.

"Алты миллион украиналық қақтығыс басталғаннан бері елдің басқа бөліктеріндегі үйлерінен кетуге мәжбүр болды, дегенмен 5 миллионға жуық адам қайтып келді", - деп қосты ол.

Мәскеу не дейді?

Ресей ұлыбританиялықтарды өлім жазасына кеспеуге міндеттелді

Адам құқықтары жөніндегі Еуропа соты Ресейді Украина жағында соғысқа қатысқаны үшін тұтқынға алынған екі ұлыбританиялықты өлім жазасына кеспеуді міндеттеді. Министрлік өкілі "Ресей өтініш берушілерге шығарылған өлім үкімі орындалмауын қамтамасыз етуі керек, оларды қамауда ұстау жеткілікті болуын қамтамасыз етуі, кез келген қажет медициналық көмек пен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуі керек", - деп мәлімдеді.

Осы айдың басында Донецк Халық Республикасының соты Эйден Аслин мен Шон Пиннерді "жалдамалылық" бойынша айыптап, өлім үкімін шығарған болатын.

Украинаға кім көмек жіберіп жатыр?

Швеция Украинаға танкке қарсы қару жібереді

Швеция Украинаға 49 миллион доллар көлемінде қосымша әскери көмек жіберуді жоспарлап отыр, оның ішінде танкке қарсы қару, атыс қаруы және минадан тазарту жабдықтары бар.

"Украинаға демократиялық Еуропа елдерінен қолдаудың үздіксіз және ұзақ мерзімді болуы өте маңызды", - деді Швецияның қорғаныс министрі Питер Хультквист.

Ұлыбритания Украинаға жаңа әскери көмек жариялады

Ұлыбритания Украинаға әскери көмек ретінде тағы 1 миллиард фунт стерлинг бөлуге уәде берді. Ұлыбритания билігі қақтығыс басталғаннан бері Украинаға көрсеткен жалпы әскери қолдау 2,3 миллиард фунт стерлинг болады.

"Пакетке әуе қорғаныс жүйелері, ұшқышсыз ұшу аппараттары, радиоэлектрон қақтығыс үшін инновациялық жаңа жабдықтар кіреді", - делінген хабарламада.

G7 елдерінің басшылары Украинаны қолдауды күшейтуге уәде берді

"Үлкен жетілік" елдерінің басшылары Украинадағы қақтығысқа байланысты Ресейге одан әрі қысым көрсетуге міндеттеме алып, Бавария Альпісіндегі үш күндік саммитті аяқтаған. Сондай-ақ, олар Ресей мұнайының шекті бағасын әзірлеуге және азық-түлік жеткізілімінің құлдырауына байланысты аштық дағдарысының алдын алу үшін азық-түлік көмегіне миллиардтаған қаражат бөлуге келісті.

Ресей мен АҚШ арасындағы жағдай қандай?

АҚШ ресейлік олигархтың 1 миллиард доллар активін бұғаттап тастады

АҚШ-тың Қаржы министрлігі санкцияға ұшыраған ресейлік олигарх Сүлейман Керимовпен байланысы бар Делавэрдегі 1 миллиард долларлық келісімді бұғаттағанын хабарлады.

"Қазынашылық санкцияларды айналып өтіп, заңсыз табыстарын жасыруға тырысатындарды әшкерелеу және кедергі жасау үшін барлық құралды пайдалануды жалғастырып жатыр", - деді қаржы министрі Джанет Йеллен мәлімдемесінде.

Ресей Джилл Байден мен 24 америкалыққа елге кіруге тыйым салды

Мәскеу АҚШ президентінің әйелі Джил Байденге, қызына және тағы 23 америкалыққа Ресейге кіруге тыйым салғанын хабарлады.

"АҚШ-тың ресейлік саяси және қоғам қайраткерлеріне қарсы санкцияларына реакция ретінде 25 америкалық азамат "стоп - листке" енгізілді", - делінген хабарламада.

©REUTERS