Павлодар маңында "Қазавиақұтқару" компаниясының Ми-8 АМТ тікұшағы қатты қонған. Бортта 13 адам болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жақын маңда жоғалған адамды іздестіріп жүрген павлодарлық Vita қозғалысының еріктілері тікұшақ қатты қонған сәттің куәсі болған.
"Еріктілер жоғалған зейнеткерді іздеу жұмыстарына қатысып жүрген еді. Олар Павлодар қаласының маңында төмен ұшып бара жатқан тікұшақты байқаған. Жерге қонғанда әуе кемесінің қалақтары ұшып кетіп, артқы бөлігі бөлініп, шассиі зақымданған. Тікұшақ өртеніп кете ме деп қорыққан адамдар айқайлап, ішінен жүгіріп шыққанын көрген. Біздің жігіттер оларға алғашқы көмек көрсетті", - деді Vita еріктілері.
Көлік министрлігі бұл оқиға 24 маусымда Павлодар қаласына жақын орналасқан Заря ауылының маңында болғанын хабарлады.
"Қазавиақұтқару" АҚ компаниясы пайдаланатын Ми-8 АМТ әуе кемесі қатты қонды. Ол іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу мақсатында ұшқан. Әуе кемесінің бортында 13 адам болды, оның ішінде 5 экипаж мүшесі және 8 жолаушы бар", - деді Көлік министрлігінің баспасөз қызметі өкілі.
Ведомство мәліметінше, қаза тапқандар жоқ, зардап шеккендер туралы ақпарат нақтыланып жатыр. Сондай-ақ, Көліктегі оқиғаларды зерттеу жөніндегі департамент оқиғаның себептері мен мән-жайын тергеп жатыр.
Еске салайық, бұған дейін, 27 мамырда Ан-2 ұшағы Павлодар облысы Железин ауданындағы Ертіс жайылмасына құлаған еді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова