Адам ұрлап, банк шотын қорқытып тартып алатындар пайда болған: ҚМА ескерту жасады

Адам ұрлап, банк шотын қорқытып тартып алатындар пайда болған: ҚМА ескерту жасады
Фото: ҚМА

Қаржылық мониторинг агенттігі жыл басынан бері қылмыстық жолмен келген кірісті жылыстатумен айналысқан 33 дропперлік топтың қызметін тоқтатты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Агенттік мәліметінше, қылмыстық схемаларды ұйымдастырған 40-тан аса адам анықталып, заңсыз әрекетке 500-ден аса азамат тартылғаны белгілі болған.

Дропперлердің банк шоттары арқылы жалпы сомасы 112 млрд теңгеден аса заңсыз қаржы операциялары жүргізілген. Кейінгі екі айдың өзінде мыңнан аса дроп карта бұғатталды.

"ҚМА Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті интернет алаяқтықтан түскен қаражатты заңдастыру үшін азаматтардың банк шоттарын пайдаланған халықаралық "дроповодтар" желісінің қызметін тоқтатты. Тергеу амалдарына сай бұғатталған шоттар арқылы шамамен 17 млн теңге өткізілген. Кейін ұйымдасқан топ мүшелері шот иесін, яғни 18 жастағы азаматты күштеп ұстап, қорқытып, банк шоттарына қолжетімділікті қалпына келтіруге мәжбүрлеген", - деп жазылған хабарламада.

Осыған ұқсас схема Жетісу облысында да анықталған.

"Әлеуметтік желідегі жұмыс туралы хабарландыруға сенген жергілікті тұрғын кураторлардың нұсқауымен интернет алаяқтықтан түскен қаражатты өзінің банк шотына қабылдап отырған. Кейін қаражатты криптовалютаға айырбастап, ұйымдастырушылардың шотына аударып, әр операциядан комиссия алып отырған", - деді ҚМА өкілдері.

Ал Түркістан облысындағы дропперлік схеманы Telegram мессенджеріндегі жасырын куратор басқарған.

"Ол студенттер мен кәмелетке толмағандарға сыйақы ұсынып, интернет банкингін беруге көндірген. Соның салдарынан 20-дан аса адам тергеуге тартылды", - деп жазылған хабарламада.

Қаржылық мониторинг агенттігі дропперлік схемаларға қатысу қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертті.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget