Семейдегі 32 көпқабатты үйдің қасбеті түрлі түске боялады. Бұл туралы қала әкімі Нұрбол Нұрсағатов айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Семей әкімінің сөзінше, қала алдағы уақытта адам танымастай өзгереді.
"Жоспар көп. Биыл қаланың ішкі келбетіне, әсіресе, үйлердің дизайнына көңіл бөлеміз. Осы орайда шаһардың әр аумағынан 32 үйді таңдап отырмыз", - деді әкім Таткрай, Казкрай және қаланың орталық бөлігінің тұрғындарымен өткен кездесуінде.
Сонымен қатар, биыл Семейдегі бірнеше көпқабатты тұрғын үйдің қабырғасына муралдар салынады.
"Мәселен, Шәкәрім, Б.Момышұлы, Қ.Сәтбаев көшелеріндегі үйлерге сол тұлғалардың муралдары бейнеленеді. Ал №1 шағынаудандағы бірнеше үйдің қабырғасына өңіріміздің көрікті жерлерінің суреттері салынады", - деді Нұрбол Нұрсағатов.
Айбын Алтай
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!