Алматыдан шығысқа қарай 25 километр жерде, Талғар қаласының шетінде Талхиз қалашығы орналасқан. Археологтардың дерегі бойынша, 8-13 ғасырларда осы қоныста сегіз мыңға дейін адам тұрған. Қалашық 2014 жылы Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан 33 көне қоныстың бірі ретінде ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұрасы тізіміне енген. Massaget.kz тілшісі жақында Талхиз қалашығына барып, жай-күйімен танысып қайтты.
"Охотники за петроглифами" қоғамдық қорының басшысы Ольга Гумированың айтуынша, кезінде Талхиз Ұлы Жібек жолының маңызды нүктесі болған және мұнда әуен шырқалып, қолөнершілердің әдемі бұйымдары сатылып, маңызды мәмілелер жасалған.
Қалада су құбыры мен кәріз жүйесі, сондай-ақ қоғамдық моншалар салынған. Алайда моңғолдар Орталық Азияны жаулап алғаннан кейін қала құлдырап, XIII ғасырдың екінші жартысында ақыры қаңырап бос қалған.
Тарихи аймақты археологиялық зерттеу 19 ғасырдың аяғында басталып, Кеңес заманында жалғасты. Зерттеушілердің бірі ҚР ҰҒА академигі Карл Байпақов қазба жұмыстары барысында жылтырлатылған керамикалық және мыс ыдыстар, саздан жасалған балалар ойыншықтары, қару-жарақ, ауыл шаруашылық құралдары, шамдар, сүйектен жасалған заттар, зергерлік бұйымдар табылғанын айтқан. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін басшылар осы аймақтағы учаскелерді сатып, іргелес аумақтарда құрылыс салуға рұқсат берген. Карл Байпақовтың айтуынша, мұның бәрі заңсыз болған. Қалашық 2014 жылы ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұрасы тізіміне енген соң қоршалған. Алайда Талхиз қазір апатты жағдайда.
Біз барған кезде аумаққа кіру мүмкін болмады. Келушілер қақпаның астынан еңкейіп, сол арқылы өттік.
Ал аумақ мүлде тазаланбай, қараусыз қалған.
2014 жылы ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұрасы тізіміне ену құрметіне қойылған ескерткіштің сиқы кеткен. Сынып, жазуы көрінбей қалған.
"Охотники за петроглифами" қоғамдық қорының басшысы Ольга Гумированың айтуынша, жақында көне қалашықтан адам сүйектері табылған.
"Қазіргі уақытта тарихи ескерткіш өте апатты жағдайда. Жақында адам сүйегі табылды. Алайда сол аумақ ЮНЕСКО-ның қорғалатын аймағына кірмейді және оған жол салынбақ. Ойлаңызшы, адам сүйегінің табылғанына қарамастан, көлік сол жерде жүре береді. Кімнің қалдықтары екенін білу мақсатында қазба жұмыстарын жүргізу қажет. Ол үшін мемлекет рұқсаты мен арнайы лицензия керек. Одан бөлек, тарихи ескерткішке кіру қақпасы құлап, қазба іздері бар қалашықтың аумағы қараусыз қалған бос жерге айналды. Тіпті туристік аймаққа да жатпайды. Мәдениетімізді, тарихымызды сақтауымыз керек. Мұның бәрі тарихи ескерткіштің толық жоғалуына әкелуі мүмкін. Сол үшін бұл мәселені аудан, облыстан бөлек, республикалық деңгейде көтеруіміз керек. Бірақ бұл мәселе Мәдениет және ақпарат министрлігі арқылы шешіледі. Талхиз қалашығы – негізі ұлттық тарихымызды, мәдениетімізді қалыптастыратын ескерткіштердің бірі. Қазір қандай жағдайда тұрғанын өздеріңіз көрдіңіздер", - деді ол.
"Есік" мұражай-қорығындағылар адамның қаңқасы табылған жер ортағасырлық Талхиз қалашығы аумағынан тыс жерде орналасқанын айтты.
"Бұл жер тау етегінде, ескерткіш шекарасынан тыс жерде, айналма қара жолдың бойында орналасқан. Аймақта әртүрлі кезеңдерге жататын – көне заманнан қазіргі заманға дейін қорымдарды табуға болады. Мүмкін, сел немесе басқа да себептермен сүйек қалдықтары жер бетіне шыққан болуы мүмкін. Олардың шығу тегін анықтау үшін арнайы жүйелі зерттеу жүргізу қажет" – деп хабарлады мұражай-қорық маманы.
Қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан Талхиз ЮНЕСКО стандарттарына сәйкес реттелуі керек екенін айтты.
"Жауаптылар мұны қолға алуы керек. Ұлы Жібек жолының маңызды нүктесі болған тарихи аумақты қараусыз қалдырғанымыз өкінішті. Қарапайым ғана өздеріңіз көргендей, келушілерге Талхиз қалашығына қалай жету керек нұсқау тақтайшалары қойылмаған. Мысалы, мен баратын жолды ғаламтордағы карта арқылы таптым. Бірақ оған дейін бұл жерде болғанмын. Ал көпшілігі мұндай тарихи аумақ бар екенін білмеуі де мүмкін. Егер Талхиз ЮНЕСКО стандарттарына сәйкес ретке келтірілсе, туристер үшін танымал болар еді. Осылайша, ғалымдар, студенттер мен оқушылар үшін экскурсиялар ұйымдастырылып, Талғар өлкесіне жақсы табыс әкеледі деп ойлаймын", – деді ол.
Осы жағдайлармен танысқан соң бір топ қоғам белсенділер мен журналистер Талғар ауданының әкімдігіне барып, басшылықпен сөйлесті.
"Қалашықтың аумағына ешкім қол тигізбейді. Бірақ адам сүйегі табылған аймақ ЮНЕСКО-ның аумағына кірмейді. Біз өздігімізбен адам сүйектері табылған жолмен жүруге тыйым сала алмаймыз, қорғалатын аумақты ұлғайта алмаймыз. Тіпті оның ішіне қалпына келтіру және басқа да жұмыстар жүргізе алмаймыз. Бұл республикалық органдар мен ЮНЕСКО-ның құзыретіне кіреді. Алайда егер Үкімет рұқсат берсе, көмек көрсетуге дайынбыз. Сіздер айтып отырған адам сүйектерін зерттеу мақсатында жауапты адамдарға тапсырма береміз. Алдағы уақытта байланысып, хабарын жариялайтын боламыз", – деді Талғар ауданының әкімі Таңат Айдарбеков.
Ал Талғар қаласының әкімі көп мәселеге музей басшылығы қызығушылық танытуы тиіс екенін айтты.
"Жалпы Талхиз қалашығының жағдайына біз де алаңдаймыз. Алайда мемлекеттен берілетін тапсырманы орындауға, қолдауға әзірміз. Өздігімізден ешқандай әрекет жасай алмаймыз. Алдыңғы жылы біз асфальттау жұмыстарын жүргіздік, өткен жылы толық тексерістен өткіздік. Биыл жобаларды қарап жатырмыз. Мақұлданған соң келесі жолы іске асырамыз. Талхиз қалашығына баратын нұсқаулар жолда көрсетілген, тақтайшалар қойылған. Жалпы келушілер үшін барлығы түсінікті болу мақсатында нұсқау белгілерін қоюға музей басшылығы қызығушылық танытуы тиіс. Себебі мемлекет қаржыландыратын республикалық мекеме болғандықтан солардың міндетіне кіреді деп ойлаймын", – деді Талғар қаласының әкімі Бақыт Күрішбеков.
Талхиз қалашығына қатысты экскурсия, басқа да зерттеулерге байланысты қанша қаржы бөлінгенін сұрап, Мәдениет және ақпарат министрлігіне ресми сауал жолдадық. Алдағы уақытта бұл мәселенің мән-жайын біліп, Талхиз қалашығының жағдайын бақылауда ұстайтын боламыз.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!