“Адам сүйегі ме?“ Алматыда төбеде ілініп тұрған тосын нәрсе тұрғындарды шошытты

“Адам сүйегі ме?“ Алматыда төбеде ілініп тұрған тосын нәрсе тұрғындарды шошытты
Фото: threads.com/@dilya_77

Әлеуметтік желіде Алматы тұрғындары Абай даңғылындағы ғимараттардың бірінің қасбетінде пайда болған тосын көріністі талқылап жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұған әлеуметтік желіде жарияланған сурет пен видео себеп болған. Жазба авторы салбырап тұрған оғаш нысанға назар аударған. Сыртынан оралған адам сүйегіне ұқсайтын нәрсе қала тұрғындарының ойын сан саққа жіберген. 

Алматы Полиция департаменті бұл оқиға 22 қазанда болғанын хабарлады. Патрульдеу кезінде учаскелік инспектор сырттай адам бейнесіне ұқсайтын күмәнді затқа назар аударған.

"Полицейлер ақпаратты бірден тексерді. Тексеріс барысында пакеттің ішінен пластикалық материалдар табылды. Адам сүйегі туралы ақпарат расталмады. Бұл затты мекеме иесі Хэллоуин мерекесіне орай декоративті элемент ретінде дайындағаны анықталды", - деді ведомство өкілдері.

 

Осылайша, иесіне түсіндіру жұмыстары жүргізілген.

"Қоғамдық орындарды безендіру кезінде қонақтар мен айналадағы адамдардың реакциясын ескеру маңызды. Төтенше жағдай немесе адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін белгі ретінде қабылдануы мүмкін декоративті элементтер негізсіз үрей туғызып, жалған ақпарат тарауына себеп болуы мүмкін", - деді полиция.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget