- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Адам шөппен қоректенуі...
"Адам шөппен қоректенуі керек". Картавыхтар әулеті 5 жыл бойы жұртқа тамақты тегін таратып жүр
Әлемде жақсы адамдар баршылық. Бұл тіркеске табысын қайырылымдылыққа жаратуға қиналмай, мұқтаж жандарға көмектесетін адамдардың іс-әрекеті дәлел. Осындай тұлғалардың бірі Алматы тұрғыны Владимир Картавых. Ол соңғы 5 жыл бойы әр сенбіде отбасымен бірге адамдарға тегін ас таратады. Біз бұған дейін қайырымды отбасыны Саялыдағы жабайы сырғанақта кездестірген едік. Ол кезде Владимир отбасымен төбешікте көңіл көтеріп жүрген халыққа ыстық палау таратқан болатын. Massaget.kz тілшісі ерекше тұлғаның мұндай жолға келу тарихын білу үшін Владимир Картавыхпен бірге арнайы Медеуге барып, сұхбаттасты.
43 жастағы Владимир Картавых жеке кәсіпкер, 5 ұл, 1 қыздың әкесі. Соңғы 5 жыл бойы салауатты өмір салтын ұстану үшін тауға шығып, адамдарға көмегін тигізу үшін тегін ас таратады, рухани сабақ өткізеді, жалпы қайырылымдылықпен айналысады. Кәсіпкердің айтуынша, оның жақсы амал жасауына бірнеше жыл бұрын денсаулығының күрт нашарлап, кәсібінің құрдымға кетуі түрткі болған.
"2019 жылы денсаулығым сыр беріп, ауырып жүрдім, оның үстіне кәсібімде де проблемалар болды. Ең алдымен, мен желшешекпен (ветрянка) ауырдым, денем жараға толды. Одан кейін бауыр қызметі нашарлап, төсектен тұра алмай қалдым. Ауру асқынып, бауырдан басқа ағзаларға өте бастады. Кейін тамағыма суық тиіп, баспа (ангина) болып, оның жазылуы қиындады, тіпті 2 айда мен 6 рет тамақ ауруымен ауырдым. Бір күні әйелім әлсіздіктен, қолым мен басымды да көтере алмай отырғанымды көріп, дереу жедел жәрдем шақырған. Егер жедел жәрдем кем дегенде 5 минутқа кешіксе, мен инфаркт алып, салдары ауыр болуы мүмкін еді", - дейді ол.
Фото: Massaget.kz / Балнұр Жумаділлә
Кейіпкеріміздің басына бірнеше жылдың ішінде түрлі сынақ қатар түскен.
"Ауырып жүрген кезімде кәсібім де құрдымға кетіп жатты, мен ағаш үй салумен айналысатын едім. Сөйтіп кәсібімді толығымен жоғалттым, қарызға белшемнен батып, оны жабу үшін қаладағы пәтерім мен мініп жүрген соңғы көлігіме дейін сатуға тура келді. 1,5 жыл бойы жаяу жүрдім, үйсіз қалып отбасыммен әжемнің мұраға қалдырған Боралдайдағы үйіне көшіп бардық", - дейді қайырымды жан.
Өзінің мұндай деңгейге түскеніне шыдай алмаған Владимир өмірі бұлай жалғаспауы керегін түсініп, тығырықтан шығар жол іздей бастаған. Осылайша артық салмақтан арылып, тауға шығып, денсаулығына ден қойыпты.
"Бәрін басынан бастаймын деп шештім. Цех ашу үшін соңғы ақшама жұмыс орын жалға алып, балаларға ойын алаңдарын салу саласына бағыт алдым. Мен цех ашқаннан 2 аптадан кейін бірден пандемия басталып, қала карантинге жабылды, сонда да қайтпадым.
Жаңа кәсіппен бірге денсаулығымды қалыпты ұстау үшін тауға да шығып жүрдім. Тыныс алу және энергетикалық тәжірибені, йога, ведикалық білімді зерттеп, үйрендім. Осының бәрімен айналыса бастағаннан кейін денсаулығым жақсарды", - дейді ол.
Фото: Massaget.kz / Балнұр Жумаділлә
Салауатты өмір салтын ұстану арқылы өзінің денсаулығын жақсартқан кәсіпкер, қайырылымдылық жасап, адамдарға көмектесуге бет бұрған. Тауға бірге шығып, түрлі тәжірибе сабақ өтуге адамдар жинап, тіпті тегін тамақ таратып бастапты.
"Йога мен ведикалық білімді зерттеу арқылы кез келген нәрсе үшін алғыс айта білу керегін түсіндім. Адамдарға таза ниетпен қаншалық жақсылық жасасаң, оның бәрі өзіңе екі еселеп қайтады. Сондықтан да мен қайырымдылық жасаймын деген шешімге келдім. Адамның ниеті таза болған кезде ғана ақыл-ойы тазарып, жеңілдейді. Сондай-ақ, адамдар тек өзін жақсы көргенін, бар жағдайы жасалғанын қалайды. Бірақ, ғалымдардың зерттеуіне сәйкес, алдымен жұбайыңызды бақытты ету керек, содан кейін сіз бақытты боласыз. Ал егер адам тек өзін ойласа, бақытты болмайды", - деп түсіндірді ол.
Владимир Картавых отбасымен бірге соңғы 5 жыл бойы әр сенбі сайын адамдарға тегін тамақ таратуға тырысады. Одан бөлек, көпбалалы отбасыларды қаржылай қолдап, киім сатып алуға көмектеседі. Тегін тамақты балалар үйіне де тарататын көрінеді, оның сөзінше, бұған дейін де бірнеше мекемеге барған. Қазір тіпті балалар үйі өкілінің нөмірлерін сақтап алған, жеке хабарласып, баратын уақытты келіседі екен.
Сонымен қатар, ол тегін тамақтың дайындау барысын да бөлісті.
"Әдетте бір күн бұрын кешке сәбіз, қырыққабат, пиязды тазалап, кесіп, дайындаймын. Үйде 100 литрлік үлкен қазан бар, алдымен қырыққабат пен сәбізді бір жарым сағат қуырамын, түні бойына қалдырамын. Таңертең таңғы сағат 03.30 оянып, 2 сағат бойы рухани тәжірибе жасаймын, содан кейін тамақты қайта дайындап бастаймын. Яғни қазанды қыздырамын, күрішін саламын. Әдетте біз таңертең сағат 6:00 үйден шығып кетеміз, сағат 07:00 Медеу немесе басқа белгіленген орында боламыз. Тек палау емес, сонымен қатар, дымляма да дайындаймыз", - деді ол.
Фото: Massaget.kz / Балнұр Жумаділлә
Қайырымды отбасының вегетариан екенін де айта кеткен жөн. Владимир Картавыхтың айтуынша, оның еттен біржола бас тартуына да денсаулығы әсер еткен.
"Менің вегетариан болғаныма биыл 5 жыл. Әлі күнге дейін менің бұған қалай келгенім есімде. 5 жыл бұрын анамның туған күнін тойлау кешінде еттен дайындалған тағамдар өте көп болды. Әрине, біз оны жедік, келесі күні өзімді өте нашар сезіндім, шамамен бір аптадай қатты ауырдым. Сөйтіп ауырып жатқанымның себебі ет болуы мүмкін ғой деген ой келді де, етті аз-аздан тұтынып бастадым. Еттің кішкене бөлігін жесем, жағдайым қайта нашарлайтын, бәлкім осыған байланысты болар еттен оңай бас тарттым. Жұбайым мен балаларым қатарыма жарты жылдан кейін қосылды.
Үлкен ұлымның жасы ол кезде 8 еді. Ол әлеуметтік желіден өліп қалған сиырдың денесін ет тартқышқа лақтырып, шұжық дайындайтын видеоны көрді де бірден бас тартты. Бұл үшін ғана емес, жалпы біздің қалауымыз бен мақсатымыз жануарларға зиян тигізбеу. Біз бәріміз тірі жанбыз. Егер біз жануарлардың өмірге келуіне әсер ете алмайтын болсақ, оларды өлтіруге қандай құқығымыз бар? Менің ойымша, бұл үлкен күнә", - деді кәсіпкер.
Ол еттің ағзаға мүлде пайдасы жоқ екенін жеткізді.
"Мен адам ағзасын, денсаулығын толық зерттедім. Біздің ағзамыз етті сіңіре алмайды, біз мысалы сиыр секілді деп шөппен қоректенуіміз керек. Мысалы, жолбарыс, арыстан секілді жыртқыш аңдардың ағзасы етті қорытып, сіңіруге бейімделген. Адамда ет тоқ ішекте қорытылады, осыған байланысты барлық улы заттар ағзаға тарап, адам семіреді, ал семіздік көптеген аурудың бастамасы, әсер етуші факторы. Сондықтан да мен еттен бас тарттым. Ғалымдар жүргізген зерттеу нәтижелеріне сәйкес, еттің құрамындағы барлық пайдалы зат кептірілген жемістерде, жаңғақтарда да бар, тіпті оларда дәрумендер етке қарағанда көбірек. Оған қоса, қазір сиырлар табыс көзіне айналған. Кәсіпкерлер оларды өлтіріп, ақша табу үшін өсіреді. Тезірек салмақ жинап, семіруі үшін түрлі зат беріп, дәрі егеді", - дейді ол.
Фото: Massaget.kz / Балнұр Жумаділлә
Владимир Картавых отбасы, еркек бағыты бойынша тегін тренинг жүргізеді. Психология бойынша тегін сабақ өтіп, шегенің үстінде де тұруды үйретеді.
"Өткізген сабақтарыма ақы төлейтіндер де кездеседі. Бірақ шынымды айтсам, мен үшін бұл маңызды емес. Менің мақсатым ақша емес.
Кеткен шығынды толығымен өзім жабамын, қыс мезгілінде суық болғандықтан тамақ таратуға әр сенбі сайын шықпаймыз, сондықтан бір ретке 15-20 мың теңге аралағында кетеді. Ал күн жылыған бойда белсенділігіміз бірден артады. Бізде Telegram-арнада тобымыз бар, арна арқылы жоспарланған сабақ туралы хабарлап отырамын. Оған қоса, әлеуметтік топтық сабақтар туралы жарнамаға тапсырыс беремін. Осыған байланысты жазда шығын артып, 25-30 мың теңгедей шығады", - деді ол.
Мақсатым, мотивациям - балаларыма үлгі, өнеге болу, дейді қайырымды жан. Ол адам өмірін өзгерте алатынын, ол үшін әрекет етіп, адамдарға көмектесу керегін түсіндіргісі келеді.
Тағы да оқи отырыңыздар: Күйеуіңіздің көзге шөп салып жүргенін қалай білуге болады?
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Б. Жұмаділлә