- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Адам сенбейтін оқиғаларға...
"Адам сенбейтін оқиғаларға куә болып жатамыз" - соғысқа қатысқан боздақтарды іздеумен айналысатын ұйым өкілі
Соғыс жылдары майданға аттанып, ерлік көрсеткен, бірақ сүйегі шет жерде қалған қаншама боздақ бар?! Бүгінде сан мың ұрпақ ата-бабасынан ешқандай дерек білмей өмір сүріп жатыр. Дегенмен Қазақстанда соғысқа қатысқан аталарын іздегендерге көмектесетін, бірнеше мыңдаған отандасымыздың жерленген жерін тапқан бірлестік жұмыс істейді. Бірлестіктің аты да ерекше, атадан қалған аманат сынды.
Massaget.kz тілшісі "Atamnyn Amanaty" ҚБ басқарма төрағасының орынбасары Әбубәкір Смайыловпен сұхбаттасты.
"Хабарсыз кеткен 4 мыңнан аса боздақты таптық, 19 адамның сүйегін елге әкелдік"
- "Atamnyn Amanaty" қоғамдық бірлестігі қай жылы, қалай құрылды? Бірлестік қандай жұмыстармен айналысады?
- "Өлі риза болмай тірі байымайды" дейді қазақ. 2019 жылы құрылған "Atamnyn Amanaty" қоғамдық бірлестігінің миссиясын осы бір ауыз сөзбен бейнелеуге болатын сияқты. Оның басы-қасында осынау тәмсілдің таудай салмағын сезініп, игілікті іске бел шеше кіріскен белсенді азаматтар жүр. "Atamnyn Amanaty" - ҚБ Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаза тапқан, хабар-ошарсыз кеткен қазақстандықтарды іздестірумен жүйелі түрде айналысатын еліміздегі бірден-бір ұйым.
- Осы уақытқа дейін із-түзсіз кеткен қанша сарбаз туралы мәлімет таптыңыздар?
- Әртүрлі деректер бойынша Қазақстаннан майданға 1 миллион 300 мыңнан аса адам аттанып, оның 630 мыңы қаза тауып, 271 мыңнан астамы хабар-ошарсыз кеткен. Біздің бірлестік құрылғалы бері 4 мыңнан аса боздақтың аты-жөнін, қай елде жерленгенін анықтап, олардың артында қалған тікелей ұрпақтары мен туған-туыстарына хабарладық.
- Қан майданда мерт болған қанша боздақтың денесі елге әкелінді?
- Қорғаныс министрлігінің көмегімен майдан даласында опат болған 19 отандасымыздың сүйегін елге жеткізіп, әскери құрметпен жерледік.
"Қолымызда жат жерде топырақ бұйырған 20 мың адамның тізімі бар"
- Хабарсыз кеткен жауынгерлерді іздестіру жұмыстары қалай жүзеге асырылады?
- "Atamnyn Amanaty" өз жұмысын негізі үш бағыт бойынша жүргізеді. Бірінші бағыт - майдангерлерді әскери құжаттары бойынша архивтерден, түрлі форумдар мен қауымдастықтар арқылы іздестіру. Бұл өзі инемен құдық қазғандай дүние. Екінші бағыт - майдан даласында тікелей қазба жұмыстарын жүргізу. Біздің еркітілер тобы жыл сайын Калуга облысында өтетін "Батыс майданы. Варшава тасжолы" халықаралық әскери-тарихи экспедициясына қатысады. Биыл да барып, қатысып, Ақмола облысында жасақталған 387-ші атқыштар дивизиясы соғысқан Ульяновск ауданында ескерткіш-белгі орнатып қайттық. Үшінші бағыт - ел ішінен туыстарын іздестіру, өйткені ТМД ғана емес, бүкіл Еуропа мемлекеттерінің аумағында қаншама жерлестеріміз жатыр.
- Жат жерден топырақ бұйырған қанша қазақстандық туралы ақпарат бар?
- Олардың көбі Еуропаны (Сербия, Венгрия, Германия, Польша, Латвия және тағы басақ елдерді) азат ету барысында шейіт болса, енді біразы - тұтқынға түсіп, концлагерьлерде қаза тапқандар. Қазір біздің қолымызда елден тысқары жерде мәңгілік мекенін тапқан 20 мыңға жуық қазақстандықтың тізімі бар. Соларды облыс-облыс бойынша бөліп, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауды бастап та кеттік.
"Адам сенбейтін оқиғалар болады: түске де кіреді, ұрпақтары шаңырақ көтеріп жатады"
- Іздестіру барысында жүректі шымырлатар оқиғалар мен қилы тағдырлар жиі кездесетін шығар. Бір-екі мысал келтіре аласыз ба?
- Расында, кейде адам сенбейтін оқиғаларға куә болып жатамыз. Қызылорда облысының тумасы Жантас Батырханұлы майданнан оралмаған әкесінің інісі Айтуған Меделхановты ұзақ жыл нәтижесіз іздейді. Бір күні көкесінің өзі түсіне кіріп, "Ең алдымен Зубов деген адамды тап, сол арқылы мені табасың" деп аян берген көрінеді. Ол біздің ұйымға өтініш бергенде бізде жалғыз ғана ілік бар еді, ол - майдангердің Ленинград облысында қаза тапқаны болатын. Волонтер Айгүл Аитова Ленинград түбінде қаза тапқандардың аты-жөндерін көтеріп, алдымен Зубовты тауып алады. Артынша Айтуған Меделханов та табылады. Олар Колпино қаласы үшін шайқаста қаза тапқан екен. Жантас аға туған жердің топырағын алып барып, көкесінің рухына құран бағыштап қайтты.
- Тағы бір мысал, Әлімбатыр Жабағинов пен Қошқар Құлмағамбетов есімді екі жауынгер бірге соғысып, бір зиратта жерленген екен. Олар майданға аттанған кезде елде қалған 5-6 жасар ұл-қыздары кейін ер жетіп, отбасын құрған көрінеді. Бірақ ерлі-зайыпты 80 жыл бойы әкелері бірге қаза тауып, бір зиратта жатқанынан бейхабар болып келген. Оны біз арқылы естіді.
"Әкесінің дерегі 80 жыл өткенде табылғанда, қариялар еріксіз егіледі"
- Демек, бірлестік халықаралық деңгейде бірлесе отырып жұмыс істей ме?
- "Atamnyn Amanaty" қызметін халықаралық ынтымақтастықты нығайта отырып жүзеге асырып жатыр. Қазір бұл ретте 50-ден аса меморандумдарға қол қойылды. Былтыр қыркүйек айында Алматыда "Ортақ тарих. Ортақ жеңіс. Ортақ көзқарас" атты халықаралық конференция өткіздік. Осымен үшінші рет ұйымдастырылып отырған бұл форум ТМД елдеріндегі үкіметтік емес ұйымдар мен іздестіру қозғалыстарының өзара іс-қимылы үшін ашық диалог алаңына айналды десе болады. Ал із-түссіз кеткен әкесінің дерегі табаны күректей сексен жыл өткен соң табылып, қабіріне туған жердің бір уыс топырағын апарып тұрып егілген қарияны көргенде еріктілер еңбегінің зая еместігін сезінесіз.
- Бірлестіктің алдағы мақсаты қандай?
- Өскелең ұрпақ өзінің өткен тарихын білуге тиіс. Мәселен, былтырдан бастап "Аталар аманатына адалмыз" атты акция өткізіп келеміз. Акция барысында әрбір колледждің студенттері Қазақстанда жасақталып, Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан дивизиялар мен құрамалардың тарихын, майдан жолын зерттеп, солар жөнінде ғылыми-іздестіру жұмыстарын жасайды. Биыл 22 мамырда Астана қаласындағы Достық үйінде кезекті акция өтеді. Оған тарихшы ғалымдарды, ҚР Қарулы күштерінің ардагерлерін, Кеңес Одағының батыры, Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов пен Рейхстагқа ту тіккен Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың немерелерін шақырып отырмыз.
- "Мың естігеннен бір рет көрген артық" дейді қазақ. Сол себепті Астана қаласының бір топ студентін қала түбіндегі әскери бөлімдерге алып барамыз. Жасөспірімдер казармадан бастап, қару-жарақ, әскери техникалармен, иісшіл иттермен танысып, солдат ботқасынан дәм татып, жауынгерлік өмірмен етене танысады. Бір күннің ішінде олардың әскери қызметке деген көзқарастары өзгеріп, көбі қажет болса Отан қорғаушысы ретінде сапқа тұруға тілек білдіріп жатады.
- Бұдан бөлек тағы қандай жоспарларыңыз бар?
- Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында "Белгісіз қазақстандық сарбаз" монументін орнатуды ұсынып отырмыз. Осылайша біз бостандық жолында қаза тапқан боздақтардың алдындағы азаматтық парызымызды орындаймыз. Бұл ескерткіш соғыста хабар-ошарсыз кеткен немесе қайда жерленгені белгісіз отандастарымдың рухына тағзым ететін көпшілік орынға айналар еді.
Суреттер: "Atamnyn Amanaty" бірлестігі
- Жеті атасына дейін жетік білген қазақ қашаннан іздеусіз, жоқтаусыз қалғаннан қорыққан. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, үзілмей келе ұлы дәстүр. Ендеше сол көбінің артындағы ұрпағы да қалмаған 271 мыңнан астам боздақты іздемеу, жоқтамау ендігі жерде елдігімізге сын болар еді. Сол себепті былтыр 22 маусым күні тұңғыш рет елдегі барлық мешітпен шіркеулерде бір күнде, бір мезгілде хабар-ошарсыз кеткен жауынгерлердің рухына арнап құран бағышталып, дұға оқылды. Бұл игі істі жалпыұлттық дәстүрге айналдырмақ ойымыз бар.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова