Қол айқастыру немесе аяқ дірілдету адамның өз-өзіне сенімсіздігінің белгісі екенін білесіз бе? Адам өз-өзіне деген сенімділігін сөзбен дәлелдеуге тырысса да, кейде дене шынайы ішкі күйді білдіріп қояды. Адамның мінез-құлқын зерттеген психологтар Сьюзан Вайншенк пен Аллан Пизаның еңбектерінде осы мәселе айтылады, - деп хабарлайды Tengri Lifestyle.
Денені тырналау
Мойынды уқалау, құлақты, қасты немесе иекті ұстай беру - адам қобалжуын басу үшін жасайтын қимылдары. Мұндай әрекеттер адамға ыңғайсыз екенін немесе сенімсіздік сезімін білдіреді. Осындай әрекетті саясаткерлерге ыңғайсыз сұрақтар қойылған сұхбаттан байқауға болады.
"Язык телодвижений" кітабында автор статистика бойынша адам бес рет тырнайтынын айтады. Мұндай қимыл "сізбен келісетініме сенімді емеспін" дегенді білдіреді. Ал адам келісетінін айтқысы келсе, бұл қатты білінеді.
Көзге тіке қарамау
Көз - жанның айнасы. Адам тіктеп қарамаса, ол бірнәрсені жасыратынын немесе өзіне сенімді емес екенін білдіреді. "Законы влияния" кітабында Сьюзан Вайншенк көзге тіке қарауға кеңес береді.
"Жаныңыздағы адамның көзіне тік қараңыз. Бірақ есіңізде болсын, кейде көз алмай қарау қауіп ретінде түсіндіріледі. Көз жанарыңыз жан-жаққа қараса, қобалжығаныңызды немесе өтірік айтатыныңызды көрсетеді. Ерніңізді тістесеңіз, қасыңыздағы адам өзіңізге сенімді емес екеніңізді түсінеді", - деп жазады автор.
Ауызды саусақпен немесе алақанмен жабу
Бұл қимыл сөйлеп отырған адам мәлімдемеден бас тартқысы немесе алаңдағанын жасырғысы келетінін білдіреді. Осы қимылдың табиғатын түсіндірудің бірі - жаман ой ми бөліктеріне енген кезде түпсана қолмен ауызды жабуға итермелейді.
Аяқты дірілдету
Өз-өзіне сенімсіздіктің тағы бір белгісі - жүйке қозғалысы. Бұл туралы "Законы влияния" кітабында айтылған. Адам мазасызданған кезде өзінің қимылдарын басқара алмайды. Бұған аяқ дірілдету, саусақпен үстелді тықылдату, тырнақты тістеу, шашты жиі түзету және басқа да қимылдар жатады.
Қолды айқастыру
Бұл қимыл адамға өзін қауіпсіз сезінуге көмектеседі, бірақ басқалар үшін ол өз-өзіне сенімсіздік белгісі саналады. Сондай-ақ, адам әңгіме бастамас бұрын кез келген затты (шыныаяқ, қалам, сөмке бауы) алуға тырысады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!