- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Адам өзін басқарудан...
"Адам өзін басқарудан қалады". Ақтөбелік емші суицидтің алдын алудың құпиясын айтты
Соңғы жылдары өз өзіне қол жұмсап, өмірімен қош айтысып жатқандар туралы естіп, көріп жүрміз. Өкінішке қарай бұл көбеймесе азаймай отыр. Тіпті тығырықтан шығудың жолы өлім деп ойлайтындар бар. Ал бұндай кеселге шалдыққандарды қалай білуге болады? Қайғылы жағдайдың алдын қалай аламыз? Отыз жылдан астам уақыт науқастарды емдеп, осындай дертке ұшырағандарды аман алып қалып жүрген ақтөбелік емші, халық емшілері қауымдастығы Ақтөбе облыстық филиалы директорының орынбасары Рахметқали Тәжіғұл суицидтің алдын алудың көп адам білмейтін құпиясын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Адамға жынның көзі түсіп кетсе - қауіпті"
Ақтөбе облысына белгілі емші Рахметқали Тәжіғұл қырық жылға жуық уақыт науқас адамдарды құран сүрлері, емдік шөп, биоэнергетикалық әдіс-тәсілдермен емдеп келеді. Осы уақыт ішінде суицидке шалдыққан талай адамды ажал ауызынан арашалап қалды.
"Суицид бұл - психикалық ауру. Ұзақ жылғы тәжірибемде неше түрлі жағдайды көрдім. Ауру жасқа қарамайды. Қажыған, бір нәрсенің шешімін таба алмай қиналған ересектер мен санасы әлі жетіліп болмаған жасөспірімдерге дейін осы дерттің құрығына ілініп жатыр. Кейінгі кезде бұл тіпті көбейіп барады. Өкініштісі, көпшілігіміз осының алдын алуды білмейміз. Тәжірибемдегі жағдайларды ескере отырып, мен дертті А, Б, В деп үш топқа бөлдім. Бірінші - А тобына негізінен тұқым қуалайтын, қан арқылы берілетін емделуі қиын түрі жатады. Екінші Б тобына қоғамда өз орнын таба алмай, өмірден түңіліп, шаршап, депрессияға түскен, жүйке ауруына шалдыққандар кіреді. Үшінші В тобына ішіне жын кіргендер жатады", - дейді емші.
Өкінішке қарай кейінгі кезде ішіне жын кіріп, соның кесірінен суицид жасайтындар көбейіп барады екен.
"Адам мен жын қатар өмір сүріп жатыр. Алла Тағала көзімізге сондай бір перде қойған, біз оларды көре алмаймыз. Мың адамның бірі ғана көруі мүмкін. Егер адамға жынның көзі түсіп кетсе, қауіп. Сондықтан сақтану дұғаларын оқып жүрген дұрыс. Жын лас жерлерде көп болады. Дәретхананың айналасында, ескі бос тұрған ғимараттарда, мұсылман жындар бейіттің басында да жүреді. Қатты күйзеліс, депрессияға түскен кезде адамға жын кіріп кетеді. Денеге кірген жын бірден миға, жүрекке орналасып алып, неше түрлі жаман ой салады. Ұйықтағанда неше түрлі түс көреді. Өмірден түңіле бастайды. Адам өзін басқарудан қалады. Өлсе ғана барлық қиындықтан құтылатындай көреді және өз өзіне қол жұмсаудан қорықпайды. Көп қабатты үйдің терезесінен секіріп, пойыздың астына түсіп, қораға барып асылып өліп жатқандардың көпшілігіне жын кіріп кеткен. Бірақ адам оны өзі сезбейді. Бұндай адамды медицина емдей алмайды", - дейді Рахметқали Тәжіғұл.
Кейбіреулер жын кіріп есінен ауысқан туыстарын ауруханаға жатқызады. Онсыз да санасын жын билеген адам, дәрі-дәрмектің кесірінен одан сайын меңіру болып қалады екен. Сөйлей алмай, аяқ-қолы тартылады. Сондықтан емші алдымен адамға жын кірді ме немесе басқа психологиялық ауру ма анықтап алу керектігін айтады.
Аурудың белгісі қандай?
Ал психологиялық дертке ұшырап, суицид жасауға ұмтылған адамды қалай білуге болады? Қайғылы жағдайдың алдын қалай алған жөн? Рахметқали Тәжіғұлдың айтуынша, бұндай дертке ұшыраған адамның жүріс-тұрысы, кісіге қарауы, мінезі күрт өзгереді. Тіпті киім киісі, ас ішуі мен сөз саптауында да оғаштық байқалады.
"Суицидті анықтаудың тоғыз түрлі тәсілі бар. Соның бірі, адам аяқ астынан жылауық болып кетеді немесе керісінше өзінен өзі күлуі мүмкін. Бір нүктеге қадалып қарайды. Кейбір адамдардың өзінің өмірін қиюға бейім екенін қылығынан, сөзінен аңғаруға болады. Атын айтып шақырғанда селсоқ, ештеңе естімей тұрғандай болады. Жалпы бұл ауру бірден күшіне енеді. Бүгін күліп, жарқырап жүрген адам ертеңіне асылып қалып жатады. Егер адам отбасында баласының, туысқаныңның бойыннан бұрын байқала бермейтін қылықтарды көрсе бей-жай қарамағаны жөн", - дейді Рахметқали Тәжіғұл.
Ал ішіне жын кіріп, өз өмірін қиюға бекінген адамның әрекетін де бірден білуге болады. Бұндай кезде адам сандырақтап сөйлеп, қарқылдап күлуі мүмкін немесе тұйықталып, ешкіммен араласпай қалады. Көпшілігі осындай әркететтерге мән бермейді. Әсіресе жасөспірімдер назардан тыс қалып жатады. Бұның соңы кейде қайғылы жағдайға душар етеді.
"Мен де өз еңбегімді кітап қылып жазып, жұртшылыққа таратсам деген жоспарым бар. Алайда әзірге қаржы жағы қиындау болып тұр. Егер бұл кітап таралса тамшыдай болса да ата-анаға, кез келген тұрғынға пайдалы болар еді. Себебі маған балаларын алып келетін ата-аналар өте көп", - дейді емші.
Емші жынның ордасын қалай көшірді?
Рахметқали Тәжіғұл басынан өткен бір оқиғаны айтып берді. 2017 жылы Шалқар ауданына қарасты Шілікті ауылында бір айдың ішінде үш бала асылып өліпті. Бұл оқиға ауыл тұрғындарын әбден есеңгіретіп тастайды. Жұртшылық қайғылы жағдайға не себеп болғанын білмейді. Әлі де осындай жағдай жалғаса берер ме еді, егер мектеп оқушысының бірі құпияны ашпаса. Ауыл тұрғынының бірі ұлының соңғы кезде бір түрлі болып жүргенін байқайды. Бала анасына ескі гараждан біресе ер, енді бірде қыз баланың қол бұлғап, ойынға шақыратынын айтады. Кейде қасында біреулер еріп жүргендей болады екен. Бала тіпті үйден шығуға қорқатын болған. Осы жайды естіген бойда анасы мектеп директорына барады.
"Маған мектеп директоры хабарласты. Мән-жайды білген соң бірден ауылға жол тарттым. Әлгі ескі гараж жынның ордасы екен. Ауыл әкімдігінен рұқсат алып, қасыма молданы ерітіп үш күн ауылды адыраспанмен аластадым. Қара қойды сойып, қанын шашып, жындарды көшірдік. Содан кейін балаға бір жеті құран сүрелерімен дем салдым. Сөйтіп әлгі баланы аман алып қалдық. Қазір ол бала ер жетіп, үйленді", - дейді емші.
Осыған ұқсас оқиға Ырғыз ауданында болған. Бір ауылда алты бала асылып өлген. Балалар ескі үйде ойнап, содан жын қағады. Бұл ауылды да емші үш күн аластап, жынның ордасын көшіреді. Содан кейін өлім сап тыйылыпты.
Рахметқали Тәжіғұлдың нағашы әжесі Хадиша Ысқаққызы 44 жыл бала емдеген. Ал өзінің төртінші атасы Қозыбақ жұлдызшы, емші болған кісі екен. Рахметқалиға емшілік қасиет 5-ші сыныпта жүргенде қоныпты. Ал тұрақты түрде халықты қабылдауды еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін бастаған. Қазір Шалқар ауданының тұрғындары басы ауырып, балтыры сыздаса, баласының қызуы көтерілсе де Рахметқали емшіге барады.
Кәмшат Сексенбайқызы
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
А. Жайыққызы