2023 жылдың қаңтар–қазан аралығында Қазақстанда 713 отбасылық-тұрмыстық қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді, бұл былтырғыдан 4,9 пайыз аз, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ranking.kz сайтына сілтеме жасап.
Салыстыру үшін: 2022 жылдың осы кезеңінде осындай 750 құқық бұзушылық тіркелді, бір жыл ішінде көрсеткіш 7,3 пайыз азайған.
Өңірлер бойынша отбасылық-тұрмыстық қылмыстық құқық бұзушылық ең көп Алматы облысында жасалған: 64 іс - былтырғыдан 20 пайыз аз.
Павлодар облысы екінші орында: 63 іс. Шығыс Қазақстан облысы үшінші орында: былтыр 94 іс болса, биыл 56 іс. Жылдық төмендеу 40,4 пайыз.
Мұндай құқық бұзушылықтар ең аз Ақтөбе (17 іс), Маңғыстау және Қызылорда (әрқайсысында 18 іс) облыстарында тіркелді.
Еліміздің 20 өңірінің 10-да отбасылық-тұрмыстық қылмыстық құқық бұзушылықтың азайғаны байқалады.
Биыл қаңтар–қазан қорытындысы бойынша, барлық отбасылық-тұрмыстық қылмыстық құқық бұзушылықтардың 36,6 пайыз-ы денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіруге қатысты болды. Жалпы осындай 261 құқық бұзушылық тіркелді, бұл былтырғыдан 11,8 пайыз көп.
Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру де айтарлықтай үлеске ие: 255 құқық бұзушылық.
Сонымен қатар, жиі кездесетін отбасылық-тұрмыстық қылмыстық құқық бұзушылықтардың ішінде адам өлтіру (85 құқық бұзушылық), қажетті қорғаныс шегінен шығу кезінде денсаулыққа ауыр зиян келтіру (14 құқық бұзушылық), сондай-ақ өлтіруге дайындалу және оқталу (13 құқық бұзушылық) болды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!