Адам көп жүретін жерлерге қойып, бұзып алып отырған: Қазақстанда ауқымды схема әшкере болды

Адам көп жүретін жерлерге қойып, бұзып алып отырған: Қазақстанда ауқымды схема әшкере болды
Фото: ҚМА

Қаржылық мониторинг агенттігі Бас прокуратураның үйлестіруімен азаматтардың құпия дерегін, қаражатын ұрлау мақсатында фишинг хабарламаларды таратумен айналысқан қылмыстық топты әшкереледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мән-жайы

Күдіктілер ұялы байланыс операторларының базалық станцияларының жұмысын көрсететін арнайы құрылғы, яғни SMS бластерді пайдаланған. Бұл құрылғы пайдаланушыларға жақын маңда, яғни 300 метр радиуста күшті сигнал таратып, телефондар автоматты түрде соған қосылып, қорғанысы әлсіз желіге ауысуына себеп болған.

Осылайша абоненттердің телефондарына бірден жалған SMS хабарламалар келіп отырған. Бұл құрылғы байланыс операторларының қорғанысын айналып өтіп, сағатына 100 мыңға дейін хабарлама таратуға мүмкіндік берген. Жасырын әрекет ету мақсатында жабдық көліктерге орнатылып, қозғалыс барысында, негізінен адам көп шоғырланатын орындарда, соның ішінде базарларда және сауда ойын-сауық орталықтары маңында пайдаланылған.

"Хабарламалар танымал компаниялардың атынан жіберілгендей көрініп, жиналған бонустарды айырбастау ұсынылған. Сілтемеге өткен жағдайда азаматтар фишинг сайттарға түсіп, тауар таңдағаннан кейін жеке дерегін, соның ішінде телефон нөмірін, аты-жөнін, банк картасының дерегін, CVV кодын, сондай-ақ, SMS арқылы келген растау кодын енгізуге мәжбүр болған", - деп жазылған хабарламада.

Күдіктілер туралы

Осылайша күдіктілер азаматтардың құпия ақпараты мен банктегі қаражатына қол жеткізген. Жедел іздестіру іс-шаралары нәтижесінде қылмыстық топ ұсталды.

"Төрт күдікті ұсталып, қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр", - деп жазылған хабарламада.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget