2024 жылы Рамазан айы 11 наурызда басталады. Осыған орай, Muftyat.kz науқас адамның оразасына қатысты жиі қойылатын сұрақтарға жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ауру – ораза ұстамауға рұқсат ететін үзірлердің бірі.
Имам Нәсәфи "Кәнзу әд-Дақайқ" кітабында: "Аурудың асқынуынан қорықса, аузын ашуға рұқсат", – деген.
Бірақ бұл ауруларды екіге бөліп қараймыз:
Біріншісі: жазылатын ауру. Мұндай жағдайда ауызды ашуға болады. Кейін ауруынан айыққан соң қазасын өтейді.
Алла Тағала "Бақара" сүресінің 184-аятында: "Ал кім науқас болып немесе сапар шегіп ораза ұстамаса, (қаза болған күндерін) басқа уақытта ұстасын", – деген.
Екіншісі: оразаға шамасы жетпейтін, созылмалы ауру. Бұл жағдайда ораза ұстамай әр күніне підия береді.
Алла Тағала жоғарыдағы аяттың жалғасында: "Ораза ұстауға шамасы әзер жететіндер (яғни, қарттар мен созылмалы дертке шалдыққандар) підия ретінде бір жарлының тамағын беруі керек", – деген.
Оқи отырыңыз: Ораза ұстағанда ескеретін жайттар. Дәрігер кеңесі