"Адам емдемесем, ауырып қаламын": Түркістанда 18 жастағы емші қыз шықты
Түркістан облысы, Созақ ауданында қаршадай ғана емші қыз бар. Небары 18 жастағы бойжеткен омыртқа, буын, тізе ауруларын емдейді әрі сынықшы. "Адам емдемесем, ауырып қаламын", - дейтін Аружан талай жыл жүруден қалған науқастарды дертінен құлан-таза айықтырған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Түркістан телеарнасына сілтеме жасап.
Аружанның емшілікпен айналысып жүргеніне екі жылға жуық уақыт болған. Ол отбасындағы жалғыз қыз болған соң, алғашында бұл қасиетін ата-анасы көз тиеді деп ешкімге тіс жармаған. Алайда арбаға таңылған аруды аяқтан тұрғызып жіберген соң жас қыздың атағы елге жайылады.
"Мектепті "Алтын белгіге" бітірдім. Биыл Түркістан қаласындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне оқуға түстім. Адам қарауды мектеп кезінен бастадым. Бір үйдің жалғыз қызы болғандықтан, ата-анам мұны ешкімге жариялағысы келмеді. Тек маған келіп емделіп, дертіне шипа тапқан кісілердің сөзінен ел мен жайлы білді", - дейді Аружан Арын.
Аружанның Түркістанға оқуға түскенін естіген жұрт тіпті оқу орнын жағалап кеткен. Содан ата-анасы ақылдаса келе, осындағы әпкесінің үйінде адам қабылдауға рұқсат беріпті.
"Негізі, тегімізде емшілік қасиет бар. Сол қасиет ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, осы қызымызға қонса керек. Мен қызым адамдарды емдеп жатқанда қасында отырамын. Себебі әртүрлі адамдар келеді, ер адамдар да болады, солармен жалғыз қалып қоймасын деп. Үкілеп өсіріп отырған қызымыз ғой. Солай қартайғанда қызымның қарауылы болып отырған жайым бар", - дейді нағашы әжесі Серікгүл Құдиярова.
Қаршадай ғана қыз талайдың сан жылдық дертін кіп-кішкентай қолдарымен емдеп шығады. Дертіне дауа тапқан соң көзіне жас алып қалатындар да бар. Дегенмен оқуын аяқтаған соң, химия пәнінің мұғалімі болғысы келеді.
Мерей Матай
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы