- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Адам да, мал...
Адам да, мал да түсіп кететін: Түркістан облысында арты дауға айналған көпір құрылысы аяқталды
Түркістан облысына қарасты Төле би ауданында көпір құрылысы жауапсыз мердігердің кесірінен 5 жылға кешіккен. Соның салдарынан өзен арнасынан сәл асса, Қаратөбе ауылында көлік қозғалысы тоқтайтын. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мәселеге араласып, жағдай біржақты болды, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Аlmaty.tv-ға сілтеме жасап.
Қаратөбе мен Қостөбе ауылдарын жалғайтын көпірдің құрылысы 7 жыл бұрын, 2018 жылы басталған. Көпір бір жыл ішінде ел игілігіне тапсырылуы керек болған. Алайда мердігер мекеме жұмысты орта жолдан тастап кеткен. Соның салдарынан тұрғындар 5 жыл бойы қиындық көріп келеді.
"Бұрын қарияларымыз аршадан салған. Шеті осы жақта. Арбамен түсіп кеткендер де болған. Шанамен түсіп кеткендер де болды. Қыстыгүні мұз қатып қалып, мұздың ішіне түсіп кеткен мал да болған, адам да болған. Қиындық болды. Содан кейін осы көпір салынып жатыр", – деді Төле би ауылының тұрғыны Әділ Оразов.
Тұрғындардың сөзінше, Балдыберек өзені көктемде тасығанда екі ауылдың арасында қатынас үзіледі. Ал биыл халықтың жылдар бойғы тілегі ақыры орындалды. Аудан бюджетінен бұл мақсатта 38 миллион теңге бөлініп, көптен күткен өткелдің құрылысы аяқталды.
"Қостөбе орта мектебінің оқушылары екі жылдай Қаратөбе елді мекеніне барып оқып жүрген болатын. Осы көпірден өтер кезде қиындықтар туындайтын. Көлік апаты болып қала ма, көпірден құлап кете ме деп қорқатын едік. Қазір мәселе шешімін тапты. Халқымыз дән риза болып жатыр", – деді Қаратөбе ауылдық округінің әкімі Асабай Балтабаев.
Бұл іске сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметінің мамандары да араласқан. Қазір мердігер мекеме өкілдері жауапқа тартылып, келтірілген шығын өндірілді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова