- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Адам да, көлік...
"Адам да, көлік те өте алмайды". Көкшетауда тұтас көшелер апта бойы су астында тұр
Көкшетау қаласында бірнеше күн жауған жаңбыр шаһардың бірнеше аймағындағы атқарылған шаруаның шалағай жүргізілгенін көрсетіп берді. Әсіресе қаланың шеткері ауданының бірі жұрт арасында "Шанхай" аталатын Застанционный шағын ауданында су еденінің астына дейін келіп қалған тұрғындар қала билігіне наразылықтарын білдірді - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бірнеше күн толассыз жауған жаңбырдан кейін шағын аудандағы Тұмар көшесінде күні кеше науқасқа жедел көмек беруге келген екі бірдей жедел жәрдем көліктері батпаққа батып қалған. Апта бойы көшелері толықтай батпақ құрсауында қалған тұрғындар судың үйлерінің ішіне дейін кіргенін ашық айтып отыр.
"Бір апта бойы көшеміздің жартысына жуығы суда тұр. Батпақты су тіпті үйіміздің ішіне дейін кіріп кетті. Үйдің іргесінен өтіп кеткен су еденнің астына дейін жетіп қалды. Осында он жыл уақыт тұрғанда мұндай болмаған еді. Биыл көшеге жөндеу жұмыстары болып жол жиегіндегі жаңбыр суы ағатын тұрбаларды ауыстырған еді. Салдарынан Тұмар көшесінің жартысынан астамы дәлірек айтсам Ақан көшесінен Заводской көшесіне дейін түгелдей суда тұр. Адам да, көлік те өте алмайды. Бірақ оған әкімдік те, төтенше жағдайлар қызметі де келген жоқ. Тоғызыншы қыркүйектен бері тізеге дейін су кешіп батпақ кешуге мәжбүр болып жүрміз. Су деңгейі сол күйі түскен жоқ. Тек тағы жаңбыр жаумаса екен деп тілеп отырмыз. Жаңбыр тағы жауса үйіміздің ішінде су кешетініміз анық болып тұр", - дейді Застанционный шағын ауданының тұрғыны Алена Надеева.
Жергілікті әкімдік шағын аудандағы жөндеу жұмыстарының әлі аяқталмағанын айтып, жөндеу жұмыстары келесі жылға дейін созылатынын жеткізді.
"Застанционный шағын ауданының бірнеше көшесінде оның ішінде Тұмар көшесіне де жөндеу жұмыстары келесі жылы басталады. Көкшетау қаласының Застанционный шағын ауданында биыл 11 көшеге жөндеу жұмыстары басталған. Бірақ келісімшарт бойынша жөндеу жұмыстары келер жылға аяқтау жоспарланған", - дейді Көкшетау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
А. Жайыққызы