• 502.15
  • 490.7
  • 5.71

Абылай Мырзахметов жазасын жеңілдетуді сұрады

Абылай Мырзахметов жазасын жеңілдетуді сұрады
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Алаяқтық жасағаны үшін сотталған "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бұрынғы төрағасы Абылай Мырзахметов жазасын жеңілдетуді сұраған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Абылай Мырзахметов Павлодардың №2 сотына жазаның қалған бөлігін бас бостандығын шектеуге ауыстыру туралы өтініш жасаған.

Өтінішті сот 28 қаңтарда қарады. Ресми мәліметтерге сәйкес сот сотталған адамның қамауда болған уақытын қоса алғанда, жазасын өтеу кезеңіндегі тәртібін қарап, сот отырысына қатысушылардың пікірлерін тыңдаған. Соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, Қылмыстық-атқару кодексінде сотталғандардың үш оң тәртіптік дәрежесі қарастырылған, сондай-ақ жазаны өтеу шарттары (жалпы, қатаң, жеңілдетілген және жеңілдікті) белгіленген.

"Сотталған азаматтың оң тәртіптік дәрежесі жоқ және жазасын жалпы түзеу мекемесінде өтеп отыр. Жаза өтеу мерзімі ішінде ол тек бір көтермелеу алды, ол еңбекке адал көзқарасы үшін берілген. Алайда бұл заң бойынша сотталған адамның тікелей міндеті болып саналады. Осыған байланысты сот жазаның өтелмеген бөлігін жеңіл жазаға ауыстыру үшін жеткілікті негіздер таппады. Сол себепті сотталған адамның өтініші қанағаттандырылмады", - деп хабарлады Павлодар облыстық сотының баспасөз қызметі.

Соттың мәлімдеуінше, Мырзахметов жарты жылдан кейін қайтадан осындай өтінішпен сотқа жүгіне алады.

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

Абылай Мырзахметов не үшін сотталды?

Еске салайық, 2024 жылы 13 мамырда Абылай Мырзахметов аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін бес жылға бас бостандығынан айырылған болатын. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

А. Жапатова