Екі жыл бұрын алаяқтық үшін сотталған "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының бұрынғы төрағасы Абылай Мырзахметов бостандыққа шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Павлодар облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті мәліметінше, сот оны босату туралы шешімді биыл ақпанда қабылдаған.
"Жазасын өтеу барысында Абылай Мырзахметов төрт рет көтермеленді, соңғысын 2025 жылғы қазанда алды. Мінез-құлқының екінші оң дәрежесі және жеңілдетілген жағдайда ұсталуы жазаның өтелмеген бөлігін ауыстыру туралы өтініш түсіруге мүмкіндік берді, сотталушы осы мүмкіндікті пайдаланды", - деді Павлодар облыстық ҚАЖД өкілі.
Шешімді Павлодар облыстық соты шығарған.
Жазаның өтелмеген бөлігінде, яғни бір жылдан сәл асатын уақыт ішінде сотталған Абылай Мырзахметов тұрғылықты жері бойынша пробациялық бақылауда болады. Оған тұрақты тұрғылықты жерін ауыстыруға, пробация қызметіне ескертпей облыс аумағынан шығуға және көңіл көтеру орындарына баруға тыйым салынады.
Айта кетейік, Абылай Мырзахметов Павлодар облысындағы № 46 түзеу мекемесінде жазасын өтеген еді.
Абылай Мырзахметов туралы не белгілі?
Ол 2024 жылы мамырда аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, бес жылға сотталды. Жазасын өтеу үшін Абылай Мырзахметов Павлодар облысына жіберілді.
Ол 2013 жылдан бастап "Атамекен" ҰКП басқарма төрағасы болды. 2022 жылы ақпанда Абылай Мырзахметовтің ҰКП басшысы ретіндегі өкілеттігі тоқтады.
2002 жылы Абылай Мырзахметов көлік және коммуникациялар министрі қызметін атқарды. Бірақ кейінірек сыбайлас жемқорлыққа байланысты күдікке ілініп, қызметінен шеттетілді. Ол 2003 жылы шартты түрде бес жылға бас бостандығынан айырылды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова