23 желтоқсанда өткен Үкімет отырысында Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин ашық мәлімдеме жасады. Қоғамда оның Air Astana басшысы Питер Фостерге қарата айтқан "біз абориген емеспіз" деген сөзі қызу талқыға түсіп жатыр. Депутат осы жайтқа қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Депутат Еділ Жаңбыршин Air Astana АҚ бас атқарушы директоры Питер Фостерге "шаңыраққа қараңыз" деп ескерту жасады. Депутатқа Фостердің күлгені де ұнамады.
"Air Astana-ны, лоукостердің мәселесін дұрыстап, майшаммен қарау керек. Фостер мырза, сіз шаңыраққа қараңыз. Сіз осы мемлекеттің заңына бағынуыңыз керек. ...Күлетін ештеңе емес. Сіз күлмеңіз. Осы жерде отырып алып, бізді менсінбей отырсыз. Біз сізге ештеңені түсінбейтін Африкадағы абориген емеспіз. Ойнамаңыз! Бұл - Парламент, осы жерде отырғандары бәрі - халық сайлаған, халықтың өкілдері", - деп ашынды ол.
Халық әлеуметтік желіде депутаттың бұл мәлімдемесіне түрлі пікір жазған. Депутатты "популист" деп атағандар да табылған.
"Алдымен қазақтың өзі шаңырағын сыйлап алсыншы. Ауылдағы совхоздың жиналысына ұқсап кетеді кейде сіздердің отырыстарыңыз", "Біздің қазағымыз шетелдік парламентте осылай мысқылдап күлсе, жұмысын тоқтатып, депортация жасар еді", - деді олар әртүрлі пікір білдіріп.
Депутат Еділ Жаңбыршин Үкімет сағатындағы мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді.
"Фостерге компаниясының кемшілігін айтамын деп енді арпылдаған, дарақы "мәдениетсіз депутат" болыппын. О, дүние-ай, қайтейін! Үндемей, түйеқұсқа ұқсап, құмға басымды тығып, "мәдениетті депутат" болғаннан гөрі, осындай "мәдениетсіз депутат" болғаным артық! Кейде ондайларға "қыртпай, менің орныма келіп отырып көріңдер" дегім келеді! Бірақ айтпаймын, одан сайын "мәдениетсіз" болып кетемін ғой!" - деп жазды ол.
Айта кетейік, кеше Үкімет сағатында елдің көлік-логистикалық әлеуеті қарастырылып, депутаттардың алдында Air Astana басшысы Питер Фостер алғаш рет төбе көрсетті.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!