Әбілязовтың ағасы: Жиенім үшін өмірімнің 12 жылы шетелде өтті

Әбілязовтың ағасы: Жиенім үшін өмірімнің 12 жылы шетелде өтті
Фото: almaty.tv

Мұхтар Әбілязовтың ағасы Қуаныш Нұртазин Қазақстанға не себепті оралғанын айтып, шетелде қашып жүргендерге үндеу жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ол бұл туралы "Алматы" телеарнасына берген сұхбатында айтты.

"Мен іздеуде жүргенімді білген жоқпын. 2014 жылы ауруханадан шығып келе жатқанымда полиция ұстады. Сол кезде түсіндім. Маған "босқын" деген ат берді. Осы уақытқа дейін Литвада болдым", - дейді Қуаныш Нұрғазин.

Өзге елде жүріп, оның денсаулығы күрт нашарлаған. Бірнеше күрделі ота жасаған. Созылмалы ауруға шалдыққан. Ал кейінгі 5 жылда жиенімен байланысы үзілгендіктен, қаржылай қолдау да болмаған көрінеді. Ол Қазақстанға келу үшін Литваның саяси қамқорлығынан да бас тартқан.

"Жиенім үшін өмірімнің 12 жылы шетелде өтті. Ол жерде есепте тұрдым. Жылына екі рет ауруханаға жаттым. Денсаулығыма байланысты көп өзгеріс болды. Жүректен екі рет инфаркт алдым. Буындарымды ауыстырды, екі иығым жығылғаннан үзіліп кетіп, тіктірдім. Шетелде өткен 11 жыл өмірім сол балаға байланысты болды, - деді Қуаныш Нұрғазин.

Оның елге қайтуына Қазақстандағы демократиялық өзгерістер себеп болыпты. Ендігі өмірін туған жерінде балалары мен немерелерінің қасында өткізуді жоспарлап отыр. 2023 жылы 24 шілдеде ұшақпен Литвадан Стамбул арқылы Алматы халықаралық әуежайына келіп қонған. 

"Ешқашан саясатқа араласпадым. Мен оған "Сен аралас, араласпа" деп айта алмаймын. Ол мені тыңдамайды. Менің еркім өзімде. "Жаңа Қазақстан" деп жатыр ғой, демократиялық өзгерістер болады деп сенемін. Сондықтан елге, жұртқа қайтуды шештім. Мен шетелде жүрген қашқындарға соттың әділ шешімі болатынын айтқым келеді. "Отан оттан да ыстық". Сондықтан қайту керек деп есептеймін", - деді күдікті.

Еске салайық, бұған дейін Алматының әуежайында Қазақстанға өз еркімен оралған Мұхтар Әбілязовтың сыбайласы әрі ағасы Қуаныш Нұрғазиннің ұсталғанын хабарлаған едік.

Ол Әбілязов басқаратын "BSC" ЖШС-ның номиналды директоры. Әбілязов және оның сыбайластары осы компанияны заңсыз несиелендіру арқылы БТА Банктен аса ірі көлемде қаражат жымқырған. Нұрғазин сотталушы бола тұра, ешқайда кетпеу туралы міндеттемесін бұза отырып, қылмыстық жауапкершіліктен жалтару мақсатында соттан жасырынған.

12 жыл бойы Литва аумағында жасырынып, сол жерде босқын мәртебесін алған. Нұрғазин Қазақстанға өз еркімен оралуға ниет білдірді. 2023 жылғы 24 шілдеде паспорттық бақылаудан өткеннен кейін ол ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Сотталушының өтініші бойынша Нұрғазиннің жасы мен денсаулық жағдайын ескере отырып, 2023 жылғы 25 шілдеде сот оны үйқамаққа алу туралы шешім шығарды. Жақын арада басты сот талқылауы қайта басталады. Оның жауапкершілігінің көлемін сот айқындайды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан