Депутат Бақытжан Базарбек бірнеше өңірдегі жер мәселесіне қатысты заңсыздықтарды тізіп айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бақытжан Базарбек Мәжілістің жалпы отырысы бас прокуроры Берік Асыловқа, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағалиға және ішкі істер министрі Ержан Саденовқа депутаттық сауал жолдады. Ол бірнеше өңірдегі жер мәселесіне қатысты заңсыздықтарды тізіп айтты.
"Жер реформасын бастап жатырмыз, жер саласын цифрландыруға кірістік. Бұл, әрине, құптарлык іс, бірақ еліміздің барлық төңірегінде жер саласындағы жемқорлық пен алаяқтық істер өршіп кеткен. Қай-қайсысын алсақ та, халықтың жермен байланысты зары жергілікті прокурордың, ішкі істер органдары қызметінің шикілігі, әрекетсіздігі және кей жағдайда тікелей араласуы салдарынан болып отыр. Түркістанда Мәншүк Сыздықова атты кәсіпкердің жері мен бизнесіне тиесілі мемлекеттік қажеттіліктер үшін алу барысында өтемақы қаржыны алаяқтық жасағандар жалған сенімхаттың негізінде қолды қылған. Соттың заңды күшіне енген шешіміне қарамастан, Түркістанның ішкі істер органдары қылмыстық іс қозғауға асығар емес. Сорақысы, Түркістан әкімдігінің шенеуніктері алаяқтармен өзара ауыз жаласып отыр", - деді ол.
Сондай-ақ, депутат Солтүстік Қазақстан облысындағы заңсыздық туралы айтты.
"Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданын алыңыздар, 2009 жылдары шығарылған шешімдер салдарынан "Балуан" СК ЖШС-нде 286 жуық жер үлескерлері 4985 гектар жерінен заңсыз айырылған. Қазір қылмыстық іс қозғалсада, күдіктілер бостандықта емін еркін жүр. Соттың заңды күшіне енген шешімі бойынша жалпы жиналыстың шешімі заңсыз деп танылса-дағы, соттар бұрынғы әкімнің шығарған заңсыз қаулысын бұзуға асықпайды. Ал сол қаулыларға қол қойған бұрынғы әкім қазіргі таңда Үкіметтің құрамында Вице-министр қызметін атқарып жүр.
Жетісу облысын алыңыз. Мұнда алаяқтық жасаған бір топ адам жергілікті прокурорлар мен ішкі істер органдарының көмегімен Үбен Машарбетов деген ақсақалды алдап, оның сыртынан жалған шарт жасап, 4000 гектар жерін және ақсақалдың туған баласына тиесілі 2 гектар жерін жалған сенімхаттың нәтижесінде өз атына рәсімдеп алған. Ұзақ жыл бойы Машарбетовтың атынан субсидия алып отырған. Ең сорақысы, Машарбетовтың арызы бойынша қылмыстық іс 10 рет қозғалып, жоғары шенділердің ықпалымен 11 рет жабылған! Сорақының сорақылығы, қылмыстық іс материалына сәйкес, осы алаяқтық іс-әрекеттерді ауылдық округ әкімі жасаған!" - деді депутат.
Бақытжан Базарбектің айтуынша, тура осындай жағдай бойынша Жамбыл облысының Кордай ауданында "Ноғайбай Казэксим" кәсіпорынының 360 жуық жер үлескерлері отбасы (2000 жуық адам) бір сәтте Мұхтар Әблязовтың алаяқтық іс-әрекеті салдарынан 14059 гектар жерінен айырылған. Сорақысы, мұны облыс прокурорлары мен ішкі істер органдары түсініп біліп тұрса да, үлескерлердің жерлерін аукцион арқылы сатылуын бұғаттай алмады. Ең қызығы, Әблязовтың алаяқтықтығымен саудаға салынған екі ауылдың жерін электрон аукционда 93 жастағы кемпір сатып алған.
"Тұрар Рысқұлов ауданында алаяқтық жасаған шаруа қожалығы иесі Игенбековтің 1542 гектарға жуық ауыл шаруашылық мақсатындағы жерін қолды қылу үшін 2019 жылы жалпы жиналысты ұйымдастыру үшін ресми 2004 жылы қайтыс болған жер үлескерлерін "тірілтіп", олардың қолымен жерлерін әкімнің қаулысы бойынша өз атына аударып жіберген", - деді ол.
Ал аты шулы Кербұлақ ауданының "Бостан" өндірістік кооперативі үлескерлері өзіне тиесілі 2000 гектар жерінен шенеуніктер мен құқық қорғау органдары жауапсыздығы кесірінен айырылып отыр! "Бостанның" жерін алып алған кәсіпорын "Бостанның" жер үлескерлерін өз кәсіпорының қатысушысы етіп енгізбей отыр. Шыдамы таусылған халық Астанаға барғалы отыр!
"Айта берсек, осындай әрбір өңірдегі бизнесмен-сымақ азаматтардың алаяқтық іс-әрекеттері жергілікті құқық қорғау органдары тарапынан тиісті дәрежеде тергелмей жатыр. Осының зарын қарапайым халық көріп отыр. Жерінен алданып айырылған халық жерсіз қалғанын тек бірнеше жыл өткеннен кейін білген. Сотқа шағым жасаса, талаптың ескіру мерзімінің өтуіне байланысты соттар халықтың талап-арыздарын қайтарып жіберіп отыр. Амалсыз, алаяқтармен өзара ауыз жаласқан жергілікті шенеуніктер мен құқық қорғау қызметкерлерінен шаршаған, ашынған халық жергілікті митингтерді ұйымдастырып, жолдарды жабуға дейін барып отыр.
Солтүстік Қазақстан облысы Ақжар ауданында ауданның жемқор шенеуніктері мен алаяқтарға алданып жерінен айырылған "Бостандық" ауылының үлескерлері 10 жыл бойы жерді игермеген шаруа қожалығынан жерді алып коюын талап еткеніне бірнеше жыл болды. Амалсыз, конфликтінің ушығуы соншалықты, жер үлескерлері жүріп келе жатқан трактордың астына жатуға дейін барып жатыр", - деді ол.
Жалпы, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қызылорда, Алматы, Жетісу облыстарында күмәнді жолмен жерді иеленіп алған жер иелері мен жер үлескерлердің арасындағы конфликтлердің ушығып кеткені соншалық халыққа карсы автоматпен оқ ату, үлескерлерді үйлерінің алдында күзетіп ұрып-соғу, өлтіру туралы қорқыту әрекеттері ушығып кетті.
"Жерді заңсыз иеленіп алған алаяқтар әкімдіктегі отырған жемқор шенеуніктердің, жергілікті прокуратура мен ішкі істер органдарында, сол сияқты жоғары билікте отырған аға-көкелерінің арқасында тайраңдап отыр!" - деді ол.
Депутат бұл мәселенің шешу жолын айтты.
"Біріншіден, әрбір дерек бойынша мен тиісті құжаттарды жолдаймын. Бас прокуратура алаяқтықтық дерегі бойынша тергеу жұмыстарын бастау қажет. Екіншіден, үлес жерлері бар ауыл шаруашылық кәсіпорындардың жарғылық капиталы мен мүлкін қайтадан бағалаудан өткізу қажет. Жер үлескері қайтыс болған не шетелге көшіп кеткен ауыл шаруашылық кәсіпорындардың жарғылық қапиталы еш өзгермеген, жердің жалпы көлемі де өзгермеген. Бұл заңсыз тірлік және Бас прокуратура бұны дереу қолға алуғп тиіс", - деді ол.
Тағы да оқи отырыңыз: Телефон қуатталмай қалса, не істеу керек?
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!