Әбиба Әбужақынова әлемдегі ең үздік дзюдошы атанды

Әбиба Әбужақынова әлемдегі ең үздік дзюдошы атанды
Фото: Қазақстан дзюдо федерациясының баспасөз қызметі

Әлем чемпионатының дзюдодан күміс жүлдегері, қазақстандық Әбиба Әбужақынова 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 2025 жылдың қорытындысы бойынша әлемдік рейтингте бірінші орынға шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

28 жастағы дзюдошы Жапониядағы Grand Slam сериясының соңғы кезеңіне қатыспағанымен, бұл оның әлемдік рейтингте көшбасшы болып қалуына кедергі болған жоқ.

Бұл салмақта екінші орында - Олимпиаданың қола жүлдегері, швециялық Тара Бабулфат, ал үшінші орында - ресейлік Сабина Гялязова.

"Жыл аяғында қазақстандық спортшының қоржынында 5096 ұпай бар. Ол 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бірінші орында тұр. Бұл ретте біздің дзюдошылардың ешқайсысы топ-10 қатарына кіре алмады. Оған ең жақын болғандар - 66 келіге дейінгі салмақта Ғұсман Қырғызбаев пен 81 келіге дейінгі салмақта Абылайхан Жұбаназар, олар 14-орында орналасқан", - деп нақтылады ҰОК баспасөз қызметі.

Айта кетейік, 2025 жылы Әбиба Әбужақынованың еншісінде Аустриядағы Гран-при кезеңіндегі жеңіс, Grand Slam турнирлерінің екі қола жүлдесі және әлем чемпионатының күміс медалі бар.

Өткен маусымда қазақстандық спортшы Париж Олимпиадасына қатысқанымен, жүлдеге қол жеткізе алмады.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Massaget.kz
Logotype Massaget