Президент Маңғыстауда оқушылар жаппай уланған жайттар туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мемлекет басшысы облыстың денсаулық сақтау жүйесінде кемшіліктер барын айтты.
"Соңғы жылдары аймақта нәрестелердің өлімі азайып келеді. Бірақ елдегі жағдаймен салыстырсақ, бұл көрсеткіш бәрібір жоғары; Қазақстан бойынша 6,01. Аймақта қатерлі ісік дертіне шалдығу және одан көз жұму деректері азайған. Онкологиялық ауруын асқындырып алған адамдар әлі де көп. Облыста жедел жәрдем бригадалары жетіспейді. Білім беру мекемелерінде болып жатқан келеңсіз оқиғаларды айтпай кетуге болмайды. Балалардың тамақтан жаппай улану деректері азаймай тұр. Бұл – әбден ұят нәрсе. Былтыр 400-ден аса бала, биыл 42 бала зардап шеккен. Бұл оқиғалар мектептерде азық-түлік қауіпсіздігі сақталмай жатқанын көрсетеді. Үкіметке жауапты мемлекеттік органдармен бірлесіп, оқушылардың қауіпсіздігін қатаң бақылауға алуды тапсырамын. Білім беру мекемелері қызмет көрсететін ұйымдармен сапалы әрі нақты жұмыс жүргізуі керек", - деді Мемлекет басшысы.
Президент әкімдік осындай өрескел жағдайларға мүлде жол бермеуге тиіс екенін жеткізді.
"Жалпы әлеуметтік саланың маңызы айрықша. Себебі біз – әлеуметтік елміз. Қандай жағдай болса да мемлекетіміз тиісті әлеуметтік міндеттемелерді орындайды. Мұқтаж жандардың бәріне қажет көмек көрсетіледі. Әлемде мұндай тәжірибе сирек кездеседі. Бірақ біз үшін бұл – мызғымас ұстаным. Сондай-ақ, мәселенің екінші жағы бар. Әлеуметтік жеңілдіктер мен жәрдемге ие болу үшін қитұрқы әрекеттер жасайтындар аз емес. Тіпті әлеуметтік алаяқтық пайда болды деп айтуға болады. Ондай алаяқтар мемлекетке де, қоғамға да зиянын тигізіп жатыр. Көмек шын мұқтаж адамдарға берілуге тиіс. Сондықтан тағы да қайталап айтамын, әлеуметтік қолдау жүйесін мұқият зерделеу керек. Облыс әкімі сирек кездесетін металдардың көзін ашу үшін геологиялық барлауды белсенді түрде жүргізу керек деп ұсыныс айтты. Қолдаймын. Үкімет бұл мәселеге ерекше көңіл бөлуі қажет. Осымен күн тәртібіндегі мәселенің бәрін қарадық. Барлық тапсырма уақтылы орындалуға тиіс. Әр мәселе менің жеке бақылауымда болады. Тағы да айтайын, еліміздің болашағы тек өзіміздің қолымызда. Сырттан біреу келіп, бізге өз жұмысымызды істеп бермейді. Бұл – Маңғыстау облысына тікелей қатысты сөз", - деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Маңғыстау облысына барды. Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар нысанның қызметімен танысып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңес өткізді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!