- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Әбден тепкілеген". Әскерде...
"Әбден тепкілеген". Әскерде борышын өтеп келген сарбаз жансақтау бөліміне түсті
Ақтау теңіз жаяу әскері қатарында Отан алдындағы борышын өтеп, үйіне қайтып келе жатқан ефрейтор соққыға жығылған. Оған бірнеше ота жасалған, алайда жағдайы әлі жақсара қоймаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Almaty.tv-ға сілтеме жасап.
2022 жылғы мамырда әскер қатарына шақырылған 17 жастағы жігіт ештеңеден сезіктенбей, Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады. Қатардағы 164 сарбаздың ішінен ефрейтор шенін алған сарбаз әскери антын қабылдап, Отанын қорғауға уәде етеді. Алайда туыстары "бейбіт заманда оны қорғайтын адам табылмады" деп отыр.
"Бір отадан кейін жақсы бола ма десек, одан ары қиындады. Бірінші күні 5 сағат, екінші күні 3 сағат ота жасады. Енді үшінші ота жасалады. Одан кейін жағына ота жасайды", - деді зардап шегушінің ағасы.
Ағасының айтуынша, даудың басы - ұялы телефоннан басталған. Взвод командирі төрт сарбаздың байланыс құралын ұстап отырғанын байқап қалған.
"Командир телефонды алып алған. Жігіттер қайтадан сұраған, көңілін қимай, телефонды берген. Олар ұялы телефонды алған соң, кері командирге қайтармаған, әңгіме осыдан басталып тұр", - деді зардап шегушінің ағасы.
Кейін командир сарбаздарды соққыға жығып, жазалауға тырысқан. Бірнеше мәрте ұрғаннан кейін жігіттің намысы жібермей, ол да взвод командиріне қол жұмсаған. Бірақ болған жайттан сарбаз қатты зардап шеккен.
"Денесі көгеріп қалмасын деп, білдіртпей ұрған. Құлап бара жатқанда, тағы бір рет ұрған. "Одан кейін есімді білмеймін" дейді. Қарасақ, аяғы, тізесі көгерген, әбден тепкілеген сияқты", - деді зардап шегушінің ағасы.
Ал баласы үшін шырылдаған ананың жүрегі қан жылап тұр. Тұңғышы осындай жағдайға тап болғаннан кейін, әскери борышын өтеуге өзге ұлдарын енді жібермейтінін айтты.
"Баланың температурасы көтеріліп, дірілдеп-қалтырап, ірің кетіп қалған. Жан-жағына қарай алмайды, бәрі ісіп кеткен. Бәріміз қуанып, күтіп отырғанбыз. Есіктен кірді де, бір жарты сағаттай достарымен әңгімелесті. Барды да, сол жатқаннан жатып қалды", - деді зардап шегушінің анасы Венера Шаярова.
Жәбірленуші қазір Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасында жатыр. Бірнеше отаны еңсерген ефрейтордың жағы сынып, әлі де жағдайы жақсара қоймаған.
"Науқас біздің ауруханаға түскенде жағдайы ауыр болды. Бірден жәрдем көрсеттік. Сол күні шұғыл ота жасалды. Бірнеше күн жансақтау бөлімінде жатып, қазір дәрігерлердің бақылауында, бет-жақ хирургиясы бөлімшесінде ем алып жатыр", - деді Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасы директорының орынбасары Гүлнұр Кенжебекова.
Ал "әскерде таяқ жеді" деген анасы баласының аман қалуын тілейді. Мәселенің анық-қанығын білу үшін Қорғаныс министрлігіне сұраныс хат жолданды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек