- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Абайтанушы композиторға арналған...
Абайтанушы композиторға арналған әдеби-сазды кеш өтті
Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайы 2016 жылы 11 қараша күні абайтанушы-композитор, Абай, Шәкәрім ән мұрасын зерттеуші, қолөнер шебері Арғынбек Ахметжановтың 80 жасқа толуына орай «Абай» деп соққан жүрегі ...» атты әдеби-сазды кеш ұйымдастырды.
Кеш Абай қорық-мұражайының директоры Б.Жүнісбековтің алғы сөзімен ашылды. Кеште ф.ғ.к, абайтанушы, аудармашы М.Сұлтанбеков, журналист, қаламгер М.Алин, халық ағарту ісінің үздігі, тарихшы, доцент М.Мұхамадиұлы сөз сөйлеп, естеліктерімен бөлісті.
Арғынбек Ахметжановтың сазгерлік жолының негізгі арқауы – Абай өлеңдері. Ол Абайдың «Жүрегім, нені сезесің», «Ойға түстім, толғандым», «Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап», «Тоты құс түсті көбелек», «Ішім өлген, сыртым сау», «Қалқам-ай, мен үндемей жүремін көп», «Сүйкімді болат қанжар тұрсын жайнап», «Сағаттың шықылдағы емес ермек», «Ем таба алмай» және басқа 45 өлеңіне, Шәкәрімнің 2 өлеңіне ән шығарған, жиыны 65 ән-романсы бар.
Әдеби-сазды кеште №27 мектептің музыка мұғалімі О.Нүрпейісова, М.Төлебаев атындағы музыка училищесінің студенттері Е.Талапхан, Д.Ағзамова, Б.Даниялова, А.Қанапиянова Абайдың әндері мен күйлерін орындап, М.Әуезов атындағы педагогикалық коледждің студенті Е.Қуанышұлы арнау өлең оқып, өз өнерлерін ортаға салды. Кешке қонақ ретінде қаламыздың зиялы қауым өкілдері, мәдениет мекемелерінің қызметкерлері және колледж студенттері қатысты.
Ж. Жұмағұлов