Абайлаңыз! Жүргізушілер не үшін куәлігінен айырылуы мүмкін?

Қарсы жолаққа шыққан жүргізуші көлік жүргізу құқығынан айырылады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қарсы қозғалыс жолағына шығу - жол жүру ережелерін өрескел бұзудың ең қауіпті түрлерінің бірі. Мұндай маневр басқа жүргізушілер мен жолаушылардың өміріне үлкен қатер төндіреді.

Қолданыстағы заңнамада мұндай тәртіпбұзушылық үшін ауыр жаза қарастырылған: жүргізуші 6 ай мерзімге көлік басқару құқығынан айырылады.

"Алайда бұл да кейбір жауапсыз жүргізушілерді тоқтата алмай келеді. Мәселен, биылдың өзінде ғана 236 жүргізуші қарсы жолаққа шыққаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды", - деп жазылған ІІМ хабарламасында.

"Мысал ретінде, Павлодар қаласындағы Торайғыров көшесінде төрт жолағы бар екі жақты қозғалыс жолында Toyota көлігінің жүргізушісі қарсы қозғалысқа шығып, жол сақшыларының назарына ілікті. Кінәлі тұлғаға қатысты іс сотқа жолданып, көлік арнайы тұраққа қойылды", – деді Павлодар облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілі.

Полиция қызметкерлері біржақты қозғалысы бар көшелерде белгіленген жол белгілері мен сызықтарын елемеу де жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді. 

Еске салайық, бұған дейін айыппұл арқаламау үшін көлік иелері қашанға дейін дөңгелегін ауыстырып үлгеруі керек екенін жаздық.

1 желтоқсаннан кейін осы талаптарды орындамаған жағдайда ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 590-бабының 5-бөлігіне сәйкес көлік иелеріне 5 АЕК  (18460 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады. Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!