2 желтоқсанда Қырғызстанның Ош қаласында Халықаралық түркі мәдениеті мен өнерін бірлесіп дамыту (ТҮРКСОЙ) ұйымы Мәдениет министрлерінің 37-отырысы өтті. Жиынға ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов қатысып, Абайдың 175 жылдығын атап өту жобасын таныстырды.
Мәдениет министрлігінің хабарлауынша, бұл ұсынысты ұйымның Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов және ұйым мүшелері бірауыздан қолдап, 2020 жылы түркі тілдес елдерде қазақтың бас ақынының 175 жылдық мерейтойын атап өтуге толыққанды келісіп отыр.
Бұдан бөлек, министрлер осы жылы бауырлас мемлекеттер арасындағы мәдениет, өнер саласындағы байланыстар жайын талқылады. Отырыс барысында 2020 жылы түркі елдерінің мәдени астанасы болып Өзбекстанның Хиуа қаласы белгіленді.
Жиынға Қырғызстанның Мәдениет, ақпарат және туризм министрі Азамат Жаманқұлов, Ош қаласының мэрі Таалайбек Сарыбашев, Түркия Республикасының Мәдениет министрінің орынбасары Нәдір Алып Аслан, Әзербайжан Республикасы Мәдениет министрінің орынбасары Рафиг Байрамов, Өзбекстан Республикасы Мәдениет министрінің орынбасары Камола Акилова, Түркіменстан Республикасы Мәдениет министрінің орынбасары Гурбанмұрад Мырадалиев, ТҮРКСОЙ ұйымы елдеріне қарасты мемлекеттерден келген өзге де мәртебелі қонақтар қатысты.