- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- “Абайды кришнаи деп,...
“Абайды кришнаи деп, Мұқағали аруағына тіл тигізген“. Депутат Әшімжанов ұлы тұлғаларды қорлағандар туралы
Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанов "Ұлттық құндылық" жүйесіне арналған бағдарлама әзірлеп, ұлы тұлғаларға тіл тигізуге жол бермейтін шараларды қолға алу керегін айтты, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл сауалын депутат Мәжілістің жалпы отырысында премьер-министр Олжас Бектенов пен бас прокурор Берік Асыловқа жолдады.
"Кейінгі кездері қоғамда адам баласының жағасын ұстататын, ұлттың сапасына әсер ететін жағдайлар толастамай тұр. Ар мен ұят босағада қалып, өсек пен өтірік, жәдігөйлік пен жарамсақтық, қатыгездік ұрпақ санасын улап, қоғамды шырмап барады. Хакім Абайдың "Қорқамын кейінгі жас балалардан..." деген сөзі тура бүгінгі дәуірге дөп келіп тұрғандай. Қазақ халқы әлімсақтан өткеніне құрметпен, келешегіне үмітпен қараған, Тұлғасын – Тудай желбіретіп, ұрпағын сол ұлы тұлғаларға қарап бой түзеткен ел еді. Ал "Ежірей деген ұлың, Бедірей деген қызың болады" деп Мөңке би болжаған бұлдыр кезеңнің сұрқай келбеті келіп қалған жоқ па? Қоғамдағы кейбір жастардың шалыс қадамы сондай үрей шақырады. Өкінішке қарай, кейінгі уақыттарда Қазақ халқының тарихында өшпес із қалдырған тұлғаларға тас атып, мансұқтап, бағытынан адасып жүрген жастарымыздың қатары көбейіп барады", – делінген жауабында.
Оның айтуынша, Ұлы Абайды – кришнаи, Сәкенді сатқын, Мұстафаны қашқын, Әлиханды жөйіт, Жыр алыбы – Жамбылды "туфли жалағыш", Шәмшіні "арақкеш" деп, батырларымызды – байғұс, тұлғаларымызды – тулақ етіп жатқан мысалдар аз емес.
"Жақында әлеуметтік желіде бір желөкпенің ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлы бабамыздың бейнесін бас салып тоқпақтап, жұдырықтап жатқанын көріп, жанымыздан түңілдік. Ұлттың Арын жарты шөлмек шарапқа, намысын бүтін нанға сататын, көңілін ит жалаған, ниетіне қасқыр шапқан замандастарымның қатары көбейіп бара жатқаны қынжылтады. Ал күні кеше надандық пен топастықтың қиылысқан нүктесінен бүр жарған жас бала қазақ поэзиясының таутұлғасы Мұқағали Мақатаевтың аруағына тіл тигізіп, елдің есін екеу, түсін төртеу қылды. Тұлғалардың бәрі – ұлтқа ортақ. Талдап, таразылап жатпайын, бұл келеңсіз оқиға бүкіл қоғамның жанын түршіктірді. Тиісті құзырлы орындар мен жауапты мемлекеттік органдар тарапынан мұндай қадамдарға тиісті құқықтық бағасы уақытылы берілмеген жерде түрлі әлеуметтік топтар өз бетінше жазалау шарасына көшеді. Әлеуметтік желілерде тарихи тұлғаларға ғана емес, тіл мен дінге, ұлттың намысына, еңбек қатынасындағы әділетсіздіктерге байланысты "жазалау" шаралары аз емес. Мұқағалиға қатысты жағдайда да ашуға булығып, шарасыздыққа ұшыраған азаматтар сондай қадамға барды. Жеке аккаунтында адам жинап атаққа шығам деген баланы әке-шешесімен ақынның туған жеріне алып барып, кешірім сұратты. Жанұшырған қарт кісінің тау баурайын жаңғыртқан жанайқайының түп тамыры қайда жатыр? Намыстан жарыла жаздаған жұрттың бұл қадамын қоғам әртүрлі қабылдады, әрине. Жастықта көкірек – зор, уайым – жоқ", – деді ол.
Ол Ұлттық құндылықтар жүйесіне арналған мемлекеттік бағдарлама әзірлеу қажетін айтты.
"Балабақшаларда, мектептерде, оқу-ағарту бағытында бұлжымас ұлттық тәрбие мен патриоттық іс-қимыл шараларын жүзеге асырылуы тиіс. Үкімет ұлтымыздың ұлы тұлғаларына тіл тигізуге, қорлауға жол бермейтін шараларды заңдық тұрғыдан қолға алуы керек деп санаймыз. Ел мақтаныштарының ар-намысын аяққа таптағандар Заң алдында жауап беріп, тиісті жазасын алған жағдайда ғана ұлттық құндылықтарымызды қастерлей аламыз. Бұл ретте, Мәжіліс депутаттары қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгертулер енгізу жағынан қолдау көрсетуге дайын", – деп қорытындылады ол.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
С. Бөлек