“Абай“ Үлкен театрда

16 қазанда "Астана Опера" труппасы М.Әуезовтің либреттосына А.Жұбанов, Л.Хамидидің "Абай" операсын Үлкен театр сахнасында зор табыспен ұсынды. Гастроль "Музыканы көру" халықаралық фестивалінің бір бөлшегіне айналып, мәскеулік көрермендерге ерекше әсер қалдырды. Көпшілік қазақстандық әртістердің өнеріне тік тұрып, қол шапалақтады.

Санғасырлық дәстүрлерді сақтап келе жатқан Үлкен театр қабырғасы қазақ операсына құшағын кеңінен жайғандай көрінді. Бұл кеште "Абайдың" үні осында болған әрбір жанның жүрегіне жетті. Солистер мен хор әртістерінің әрбір музыкалық сөйлемінен, Элмар Бөрібаевтың жетекшілігіндегі симфониялық оркестрдің дыбысынан дала үні, бай тарих пен көшпелі мәдениет даналығының лебі есіп тұрды.

Біртуар шеберлер – дирижер, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алан Бөрібаев, режиссер Джанкарло дель Монако, сценограф Эцио Фриджерио, костюмдер бойынша суретші "Оскар" сыйлығының лауреаты Франка Скуарчапино жасаған "Абай" қойылымы көрермендердің алдында бар сән-салтанатымен көрініс тапты. Үлкен театр үшін бұл өнер көрсету көрермендерге сан қырлы қазақ мәдениетіне жақындауға мүмкіндік берген нағыз тың дүние болды. Әрбір көріністен кейін қол шапалақтаулармен алмасып отырған залдағы мызғымас тыныштық жұртшылықтың ризашылығын жеткізді. Көпшілігі орындаудың өте әсерлі болғанын және "Астана Опера" әртістерінің жоғары вокалдық тәжірибесін атап өтті. Олардың қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Талғат Мұсабаев (Абай), Салтанат Ахметова (Ажар), Мейір Байнеш (Айдар), көптеген халықаралық байқаулардың лауреаттары Талғат Ғалеев (Жиренше), Бейімбет Таңарықов (Әзім), Татьяна Вицинская (Қарлығаш), Сұлтан Бақытжан (Көкбай), Валерий Селиванов (Сырттан), Рамзат Балакишиев (Нарымбет), Артур Ғабдиев (Мес) болды. 

10 жылға жуық уақыт бұрын осы спектакльді қойған италиялық режиссер Джанкарло дель Монакоға да спектакльде болудың сәті түсті. ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дәурен Абаев, Ресейдің мәдениет министрі Ольга Любимова, Ресей президентінің халықаралық мәдени ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі Михаил Швыдкой және тағы басқалары кештің құрметті қонақтары болды.

"Абай" операсы әлдеқашан тәуелсіз Қазақстанның төл белгісіне айналды. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Мәскеуде өткен гастроль бұл спектакльдің халықаралық маңызын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!