Абай облысының шенеуніктері қаптаған аюдан атып құтылмақ. Олар арнайы комиссия құрып, аңшылардан көмек сұраған. Себебі жыртқыш аң жұрттың жайылымдағы төрт түлігін қынаша қырып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.
"Қоңыр аюлардың шабуылына қарсы күрес жүргізу мақсатында арнайы комиссия құрылды. Комиссия құрамына жергілікті атқарушы орган өкілдері, құқық қорғау органдары, тиісті басқарма басшылары, сондай-ақ мемлекеттік үлгідегі аңшы куәлігі бар және қаруды сақтау мен алып жүруге рұқсаты бар 28 азамат енгізілді", - дейді Жарма ауданы әкімінің орынбасары Берік Сәмежанов.
Жыртқыштардан әсіресе Жарма ауданының тұрғындары зардап шегіп отыр. Қазір бес бірдей ауылдың іргесінде аю өріп жүр. Тұрғындардың айтуынша, аюлар малға екі жылдан бері маза бермей келеді.
Биыл жазда шаруашылықтардың әрқайсынан кем дегенде 5-6 ірі қараны жемтік қылған. Шаруа қожалықтарының қора-қопсысын да жыртқыштар түгел қопарып тастапты. "Шығынға шаш етектен баттық" деген жұртқа өз еркімен аюды атуға рұқсат жоқ.
"Нарботаның өзінен маған хабарласты, міне, 17 басымды әкетті деді. Менен сегіз кетті. Жылқыдан үшеу кетті. Осымен тоқтадық. Жоғарғы жақта Төкен аға, Нурбан апай деген кісілер бар. Олар аңдып жатыр. Осы жұманың ішінде олардан тағы алып кеткен ғой деймін", - дейді Мейрамғалым Жармағанбетов.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!