Бүгін Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов Абай облысындағы жедел штабтың кеңесін өткізді. Онда орман өртін сөндіру бойынша негізгі міндеттер тұжырымдалды, сондай-ақ өңірдегі орман өрт жағдайын тұрақтандыру үшін қосымша шаралар әзірленді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Өртті сөндіру және залалды азайту, ең бастысы – халықты қорғау бойынша барлық қажетті шара қабылданды. Оқиға орнында тәулік бойы кезекші мамандар, жедел штаб жұмыс істейді", - деді министр.
Ол сондай-ақ барлық қажетті күштер мен құралдар қойылған міндеттерді одан әрі орындауға дайын екенін айтты.
Орман өртін сөндіруге Абай, Жетісу, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Алматы облыстарының, сондай-ақ Астана және Алматы қалаларының төтенше жағдайлар департаменті күштері мен құралдары және Төтенше жағдайлар министрлігі бөлімдерінің әскери қызметшілері қатысып жатыр.
Отырыстан кейін министр орманды дала аймағының аумағына аэровизуалды зерттеу жүргізді. Ұшу қорытындысы бойынша өрт ошақтарына күштер мен құралдарды қайта топтастырылды. Сондай-ақ өрт учаскелерінде су төгетін құрылғылары бар тікұшақтарды ауыстыру туралы шешім қабылданды.
Орман өртін сөндіруге ТЖМ, орман шаруашылығы комитеті, жергілікті атқарушы органдар және Қорғаныс министрлігі 1500-ге жуық адам және 300-ден астам техника жұмылдырылды. Өрт басталғаннан бері 14 тікұшақтың көмегімен жалпы көлемі 3039 тоннадан асатын 1017 су ағызу жүзеге асырылды.
Өртті сөндіру күрделі рельефті жерлер мен 17 м/с қатты екпінді желдің салдарынан қиынға соғып жатыр. Сырым Шәріпханов жағдайды ескеріп, жедел штабқа тиісті тапсырмалар берді.
"Өртті тоқтату және оқшаулау аса күрделі және көп еңбекті қажет етеді. Жер бедерінің жағдайлары мен отпен күрестегі кедергілер ескерілуі керек", - деді ол.
Қазіргі уақытта Абай облысындағы өрт үш бағытта (оңтүстік, батыс және шығыс жиектер) сөндіріліп жатыр. Шығыс бағытта ауыр техникамен минералданған жолақтар жасау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сырым Шәріпханов орман өртін сөндіруге қатысқандардың барлығына алғысын білдіріп, қалыптасқан жағдайларға қарамастан, бірлескен күш-жігер табиғи апатты тез арада жоюға әкелетініне сендірді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!