- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Абай облысындағы өрт:...
Абай облысындағы өрт: әкімдік қандай көмек беріп жатыр?
Абай облысы әкімдігі волонтерлермен бірге өрт аумағында жан-жақты көмек беріп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әкімдік күшімен бірнеше ауданда даладағы асүйлер ұйымдастырылды. Асүйлер тоқтаусыз жұмыс істеп, өрт сөндірушілерге уақытылы ыстық тамақ беріп жатыр.
Сонымен қатар Семей және Бородулиха аудандарында ұйымдастырылған эвакопункттерге Бородулиха ауданының Успенка, Принебесное, Барышевка кенттерінің, сондай-ақ Каштак, Талица, Тепкаши, Половинки ауылдарының тұрғындары келіп қоныстанды. Онда эвакуацияланғандардың барлығына ыстық шай, тамақ беріліп, барлық қажетті зат таратылды. Эвакуацияланған азаматтардың жалпы саны 70-тен асады.
Эвакуацияланған балалар үшін облыстың білім басқармасының күшімен қала бойынша экскурсия жасалып, демалыс ұйымдастырылды.
Жалпы Семейдегі эвакопункттер 800-ден астам адамды қабылдай алады. Тұрғындар тастап шыққан үйлерді тонап кетпеуі үшін полиция қызметкерлері кезекшілік етіп жатыр. 43 тәртіп сақшысы күндіз-түні қараусыз қалған кенттерде қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.
ЖАО және еріктілердің күштерімен өрттің алдыңғы шетіне 1 тоннадан астам ауыз су, 250 келі қой еті, құс еті, нан, нан-тоқаш өнімдері, түрлі көкөністер жеткізілді. Сондай-ақ 10 тонна түрлі өнім жеткізілді, оның ішінде 3,5 тонна ұн, 500 келі қант, күнбағыс майы, консервілер бар.
Өрттен келтірілген залал комиссиялық тексеру нәтижелері бойынша өтеледі.
Материалды Абай облысының әкімдігі ұсынған
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан