- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Абай облысындағы орман...
Абай облысындағы орман өрті сөндіріліп, 277 тұрғын үйіне оралды
Абай облысындағы орман өрті ауыздықталды. Өрт сөндірушілер от бықсыған жерлерге су сеуіп, құммен көміп жатыр. Ал туған-туысын паналап кеткен 277 адам үйіне оралып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Қазір Ресейдің Алтай аймағынан тұтанған алапат өрт тежелді. Дегенмен мамандар арқаны кеңге салуға ерте деп отыр, Жұмылдырылған 10 тікұшақ өртенген орманды көктен бақылап жүр. Өйткені жел екпінінен от қайта тұтануы мүмкін.
Шипажай Березовка ауылы өрт құшағында қалған еді. Екпінді желден күш алған өрт елді мекенді күлге айналдыра жаздаған. Тұрғындардың айтуынша, қызыл жалын баспаналарға бір шақырым ғана жетпей қалған.
"Өртті көргенде қатты қорықтық. Өмірі ондайды көрмегенбіз. Қайда жүгіретінімізді білмедік. Бірақ үйге полиция қызметкерлері келіп сабырға шақырды. Бізге "ақырындап жиналыңыздар" деді", - дейді тұрғын Гүлжан Аданбекова.
Алапат өрт салдарынан үйінен кетуге мәжбүр болған 277 тұрғын қауіп сейілген соң жұрт үйіне оралып жатыр. Ал 50 жыл бұрын отырғызылған қарағайлы орманның 3,5 жарым мың гектары жанып кетті.
"Қарағай шамамен 200 жыл өмір сүреді. Орманды қалпына келтіру үшін алдымен сол аумақты тазарту керек. Өртенген алаңды дайындау қажет. Бұған уақыт керек. Ал әзірше аң-құстың қырылу фактісі тіркелмеді", - дейді Абай облысы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекция басшысы Мақсат Елемесов.
Көмекке келген Астана мен Қарағанды және Павлодар облыстарының өрт сөндірушілері де үйіне аттанды. Өртпен 201 техника, 10 тікұшақ, бір өрт сөндіру пойызы және 900 адам күрескен. Қазір тек, өңір құтқарушылары мен тікұшақтар ғана өртенген алқапты күзетуге қалды. Олар бықсыған жерге су сеуіп, топырақпен көміп жатыр.
"Өрт ошақтарын қарауылдау және анықтау жүргізіліп жатыр. Бүгін таңертең түтіндеп, бықсып жатқан 10 жер анықталды. Оны дер кезінде сөндіріп тастады. Сондықтан өртенген алқапты бақылауда ұстау қажет. Толық сөнгенше қауіпсіздік шарасын қолға аламыз", - дейді жедел штаб басшысы Дмитрий Гариков.
Отқа оранған алқаптағы жалын ошақтары түгел сөндірілді. Өрттен келген шығын көлемі әзірше белгісіз. Ал Бородулиха ауданында жарияланған төтенше жағдай әлі де сақталады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан