Абай облысындағы алапат өртті сөндіру жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Сонымен қатар, орман шаруашылығының 14 қызметкері іздестіріліп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
9 маусым премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр Абай облысындағы табиғи өртті сөндіру жөніндегі Төтенше жағдайлар министрі Ахуалдық орталығының базасында жедел республикалық штаб отырысын өткізді.
Отырыс барысында оқиға орнынан облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев пен төтенше жағдайлар жөніндегі вице-министр генерал-майор Марат Күлдіковтің баяндамалары тыңдалды.
9 маусымда сағат 16.00-дегі жағдай бойынша өртті сөндіруге жеке құрамның 662 адамы және 177 техникасы, 6 тікұшағы жұмылдырылған.
Авиациялық техникамен 192 тонна көлемінде 80 рет су шашылды. Қазір орманшылықтың 14 қызметкерімен байланыс жоқ. Оларды іздеу бойынша іс-шаралар өткізілетіні хабарланды.
Астана қаласы және Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінен 133 адам және 48 техника, сондай-ақ, 4 тікұшақ мөлшерінде күштер мен құралдар топтамасын қосымша жіберу туралы шешім қабылданды.
Айта кетейік, Абай облысындағы өртті сөндіру жалғасып жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Абай облысында тұрғындар өртсөндірушілерді азық-түлікпен қамтамасыз етіп жатқаны хабарланған еді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!