Бүгін облыс әкімі Берік Уәли "Таза Қазақстан" республикалық бағдарламасы аясында жарияланған облыстық "Үлгілі ауыл" байқауының жеңімпаздарын марапаттады. Шара барысында өңірдің 10 ауданы мен 10 ауылына салтанатты түрде JINMA 904A маркалы 20 жаңа трактордың кілті табысталды.
Байқау үздіктері "Таза Қазақстан" бағдарламасы аясында интернетпен қамту, абаттандыру мен көгалдандыруда креативті әдіс қолдану, тұрмыстық қалдықтарды басқаруды ұйымдастыру, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, инфрақұрылымды, туризмді, саябақтар мен жасыл желектерді дамыту, үлгілі ауыл, тәртіп пен заңдылықты, мәдени мұраны сақтау, елді мекендер арасындағы жолдардың сапасы, сенбілік өткізу, халықты экологиялық іс-шараларға белсенді тарту, әлеуметтік нысандардың қолжетімділігін қамтамасыз ету, инвестиция тарту, экономикалық әлеуетті нығайту, қоғамдық орындардың тазалығы, меценаттармен белсенді жұмыс бағыттарында 20-ға жуық номинация бойынша анықталды.
Салтанатты шара барысында сөз сөйлеген аймақ басшысы тазалық мәдениетін қалыптастыру әр тұрғынның жауапкершілігі екенін айтты.
"Аймақ экономикасы, өнері мен мәдениеті, экологиясы мен тазалығы – баршамызға ортақ. Ал тазалық дегеніміз – жылына бір рет сенбілікке қатысу емес, бұл – біздің өңірде қалыптасуы тиіс үлкен мәдениет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бұл жөнінде "Қалалар мен ауылдардың сәулетті, саябақтар мен ауланың таза болуы, ең алдымен, басқаға емес, өзімізге керек", – деп айрықша атап өткен болатын. Туған жеріміздің түлегені, тұрған ортамыздың кіршіксіз болғаны, ең алдымен, өзімізге керек. Облысымыздың тазалығы – әкімдік пен коммуналдық қызметтің ғана емес, әрбір азаматтың, әрбір отбасының жауапкершілігі", – деді облыс әкімі.
Әкімнің сөзінше, марапат – бірлік пен еңбекқорлықтың жемісі.
"Сіздер өз ауылдарыңызды абаттандырып, көгалдандыру арқылы өзгелерге үлгі көрсеттіңіздер. Байқауға қатысып, белсенділік танытқан елді мекендерге 20 жаңа трактордың кілтін табыстап отырмыз. Техникалар ауылдарыңыздың гүлденіп, таза әрі жайлы болуына қызмет етеді деп сенемін. Бұл байқауды дәстүрге айналдырып, келесі жылы да жалғастырамыз. Тазалық акциясына қатысқан қарапайым азаматтарды назардан тыс қалдырмай, марапаттайтын боламыз", – деді облыс әкімі.
Естеріңізге сала кетейік, облыс әкімі Берік Уәли жыл басында өңір тұрғындарына арнайы бейнеүндеу жасап, жалпыөңірлік сенбілікке белсенді қатысуға шақырып, жыл соңында арнайы байқау өткізіліп, жеңімпаздар анықталатынын айтқан болатын.
Абай облысының әкімдігі ұсынған материал