Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен "Таза Қазақстан" экологиялық бағдарламасының өңірде жүзеге асыру барысы туралы мәжіліс өтті. Жиынға облыстық басқарма басшылары, өңірлік департамент жетекшілері қатысты. Аудан және қала әкімдері бейнережимде қосылды.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Марат Теміржанов баяндады.

Бағдарлама аясында облыс аумағында биылғы жылдың сәуір айынан қараша айына дейін елді мекендерді облыстық санитарлық тазалау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілді. Іс-шараларға 349 мың тұрғын қатысып, 15 906 ұйым және 6371 бірлік техника жұмылдырылды. 182 мың аула тазартылып, 52 мың тонна қатты тұрмыстық қалдық шығарылды.
"Ғарыш Сапары" ғарыштық мониторингінің нәтижелері бойынша облыс аумағында 191 рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісі анықталды. Оларды жою жұмыстары жүргізілуде. Облыстың елді мекендерін көгалдандыру жөніндегі өңірлік жоспарға сәйкес 2026 жылы жалпы 67 000 түп көшет отырғызылмақ. Оның ішінде көктемгі отырғызуға 42 000 түп және күзгі отырғызуға 25 000 түп көшет дайындалады.

Аймақ басшысы жиында "Таза Қазақстан" бағдарламасы аясындағы жұмыстың нәтиже беріп жатқанын атап өтіп, бұл бағыттағы шаралардың қарқынын бәсеңдетпеу қажеттігін айтты. Қалалар мен аудандар аумағында санитарлық тазалау жұмыстарының сапасы мен тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін күнделікті мониторинг жүргізуді, фото-бейне бақылауды күшейтуді, "Таза Қазақстан" бастамасын тұрғындар арасында кеңінен насихаттауды, көктемгі ағаш отырғызу жұмыстарын 2026 жылғы 1 маусымға дейін толық аяқтауды тапсырды.

"Президенттің бастамасы негізінде қабылданған "Таза Қазақстан" экологиялық бағдарламасын облыс аумағында іске асыруға ерекше басымдық беріліп келеді. Бұл бастама жергілікті тұрғындар тарапынан кең қолдау тапты. Бағдарламаны жүйелі түрде жүзеге асыру мақсатында бүгінгі күнге дейін 13 арнайы жиын өтті, оның қорытындысы бойынша тазалық пен абаттандыру мәселелеріне қатысты 102 нақты хаттамалық тапсырма берілді", - деді облыс әкімі.
Әкімнің сөзінше, осы бағыттағы жұмысты жүйелі түрде жалғастыру қажет.
Абай облысының әкімдігі ұсынған материал
Massaget.kz