- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Абай облысында су...
Абай облысында су тасқынында жоғалған жігіттің әкесі Президенттен көмек сұрады
Абай облысы, Аягөз ауданы, Қарағаш ауылының тұрғын Шалқар Қажыгерев пен қасындағы серігі Қуанышбек Мырзағазиннің 26 наурыздан бастап, іздестіріліп жатқанын бұған дейін Massaget.kz тілшісі хабарлаған болатын.
Абай облысы, ТЖБ мамандары, әскери бөлімше сарбаздары және ауыл тұрғындары жаппай іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатқанымен, әлі күнге ешқандай нәтиже жоқ. Екі азаматтан бөлек 46 жастағы тағы бір азамат 23 наурызда Аягөз өзенін атпен кешіп өтпек болғанда, толқын ағызып әкеткен күйі ол да із-түзсіз жоғалып кетті.
Ал Шалқар Қажыгеревтің әкесі Тұрсынғали ақсақал іздеу жұмыстары созылып бара жатқандықтан, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан тікелей көмек сұрап, мәлімдеме жариялауға мәжбүр болды. Т. Қажыгереевтің айтуынша, алғашында екі азаматты құтқаруға мүмкіндік болған. Алайда 112-ге бірнеше рет хабарлама түсіргенімен, ТЖБ тарапынан жауап болмаған.
"Құрметті Қасым-жомарт Кемелұлы! Біз отбасымызбен ауыр жағдайға ұшырап отырмыз. 26 наурыз күні таңғы 6-да ауырған малшыны ауруханаға апарам деп трактормен шыққан балам су ортасына келгенде трактор өшіп қалып, кешкі алтыға дейін (сағат 18-00 - авт.) тұрып қалды. Мен ести сала, сағат 7-00 ден бастап, дабыл қақтым. 112-ге бірнеше рет қоңырау шалып, әрең алдым. Ондағылар "ТЖМ-ға хабарласыңдар" деді. Хабарластық. Бірақ сол күні ешқандай жерден көмек болмады. Ақыр аяғында трактор аударылып, малшы мен менің балам суға ағып кетті. Ауылдан шыққан еріктілер мен әскерилер көмегімен түні бойы іздедік, таппадық. Әлі табылмай жатыр. Күшіміз азайып бара жатыр", - деді Т. Қажыгереев.
Суға кеткен азаматтың әкесі ары қарай да іздестіру үшін әуеден бақылайтын дрон мен иісшіл иттер әкелінуін сұрап отыр. Қолда бар іздестіруге енді мүмкіншілік жоқ. Ал Шалқар Тұрсынғалиұлы отбасылы, жары мен төрт баласы әлі күнге дейін әлдебір үмітпен күтіп отыр.
Айта кетейік, Абай облысы бойынша су тасқыны болып жатқан аудандардағы ахуал (Аягөз, Ақсуат, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма) әлі де күрделі. Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев соңғы екі тәулікте Аягөз бен Жарма аудандарында болып қайтты.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
С. Бөлек