Абай облысында жергілікті тұрғынды облыстық полиция департаментінің Процессингтік орталығының лауазымды тұлғаларына пара беруге итермелеген Семей қаласының тұрғыны ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол "сыйақы" үшін Ресей Федерациясының автокөлігін қазақстандық есепке қоюды жеделдетуді ұсынған.
Күдікті ұсталып, сот "қамауда ұстау" түріндегі бұлтартпау шарасына рұқсат берді. Сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
Қылмыстық-процестік кодексiнің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Бұған дейін мамандандырылған ХҚКО-лардың қызметінде жүргізілген сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг нәтижелері бойынша шетелдік есепте тұрған автокөліктерді заңдастыру рәсімінде олқылықтар анықталған болатын. Аталған кемшіліктер олардың заңсыз тіркелуіне жағдай туғызып, "делдалдардың" заңға қайшы қызметтерінің пайда болуына ықпал еткен.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз